Диалектология докторы. Шора Сарыбаевтың ғасыры

1799
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ғылым қайраткері Шора Сарыбаевтың туғанына — 100 жыл.

Ол 1925 жылы 2 наурызда Ташкентте дүниеге келген.

Оның әкесі, Шамғали Харесұлы Сарыбаев, қазақ тілі әдіснамасының негізін салушылардың бірі болған.

Шора Сарыбаев ҚазМУ-ды 1950 жылы бітіріп, 1953 жылы аспирантурасын аяқтаған. 1954-1995 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Шора Сарыбаев қазақ тілінің диалектологиясы, лексикологиясы, тіл мәдениеті, қазақ әдеби тілінің тарихы және қазақ-орыс тілдік байланыстары саласында терең зерттеулер жүргізген.

Ол қазақ тілінің ауызша сөйлеу мәдениетін зерттеп, орыс тілімен қарым-қатынасы нәтижесінде пайда болған кірме сөздерге талдау жасады. Сонымен қатар, түркология саласында да ауқымды жұмыстар атқарып, қазақ тілін басқа түркі халықтарының тілдерімен салыстыра отырып зерттеген.

250-ден астам ғылыми мақалалары мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген.

“Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі”, “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі”, “Жаңа атаулар сөздігі” кітаптарының құрастырушылардың бірі. “Қазақтың аймақтық лексикографиясы”,“Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші” атты 6 томдық еңбектің және “Түркітану әдебиетінің библиографиясының” авторы.

Шора Сарыбаев 2018 жылы 93 жасында өмірден өтті.

 

 

 

Пікірлер