1 наурыз күні Германия астанасы Берлинде ресейлік оппозиция өкілдері ұйымдастырған "Ресей Путинге қарсы" атты наразылық акциясы өтті. Шараға Юлия Навальная, Илья Яшин және Владимир Кара-Мурза жетекшілік етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
DW мәліметінше, Потсдамер плац алаңында өткен митингіге бірнеше жүздеген адам жиналды.
Бұл шеру Ресейдегі үш маңызды оқиғаның жылдығына орай ұйымдастырылды. Ең әуелі, Алексей Навальныйдың қазасына бір жыл, екіншісі, Ресейдің Украинаға басып кіруіне үш жыл, одан соң Борис Немцовтың өлтірілгеніне он жыл болуына орай өткен.
Оппозиция өкілдері Украинадағы соғысты тоқтату қажеттігін баса айтты.
Митинг барысында сөз сөйлеген Илья Яшин Украинадағы соғыстың саясаткерлер үшін мәмілеге айналғанын сынға алды.
"Бізге бұл соғыс сирек металдар мен келісімдерге қатысты саудаға айналып кеткендей көрінеді. Бірақ бұл – адам тағдыры, бұл – ұлттық трагедия. Соғыс – сауда емес, оны тоқтату керек!" – деді ол.
"Мемориал" құқық қорғау ұйымының өкілдері "Саяси тұтқындарға бостандық!" деген ұран көтерді. Кейбір шерушілер Ресейдің үш түсті жалауын алып, "Ресей – бұл біз!" деп ұрандатты.
Берлиндегі бұл акция Путин режиміне қарсылық білдіретін Ресей азаматтарының кезекті халықаралық шеруі болды.