«Көне Тараз» археологиялық саябағы ашылады

4854
Adyrna.kz Telegram

Тараз қаласында бұрын Орталық базар орналасқан жерде мерейтойлық салтанаттар күні республикалық маңызы бар   тарихи ескерткіш - «Көне Тараз» археологиялық саябағының ашылуы өтеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 2011 жылы Тараз Орталық базары басқа жерге көшіріліп, оның орнында көне Тараз қаласының археологиялық қазба жұмыстары басталған. Жұмыстарды жергілікті бюджет қаржыландырды.

Археологтар VI-XII ғасырларға жатқызылатын шамамен 40 мың артефакт, ортағасырлық қамал, VIII - IX ғасырлардағы мешіт, заратустрашылдықтардың мехрабы, Талас өзені көне аңғарының жағалауын, тұрғын құрылыстарының іргетастарын анықтаған.

Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанаттарының ең ірі нысаны болып табылатын кешен құрылысының жалпы құны 2,5 млрд. теңгені құрайды. «Көне Тараз» саябағы аумағының 20 гектарында кіреберіс аркасы, бақылау мұнарасы, Достық үйі мен конгресс-холдың жанындағы этномәдени орталық, этнографиялық музей, «Тараз саздары» стеласы, сондай-ақ «Мыңбұлақ» саябағы орналасқан.

Археологиялық жұмыстардың барысымен танысатын қонақтарды қарсы алуға Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және облыс әкімінің  орынбасары Ерқанат Мәнжуовтың қатысуы күтіліп отыр.

Кешеннің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Сенаты және Мәжіліс депутаттары, министрлер мен ұлттық компаниялардың басшылары, қоғамдық қайраткерлер, шығармашылық интеллигенция және ЖОО-ның өкілдері, ардагерлер, облыстық мәслихат депутаттары шақырылған. 


Пікірлер