Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Астана мен Киев Каспий құбыр консорциумының (ҚҚК) мұнай айдау станциясына дрондармен жасалған шабуылдың салдарын дипломатиялық жолмен шешетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Біз бұл жағдай туралы хабардармыз. Қазақстанның Энергетика министрлігі мәлімдеме жасап, шабуыл жасалғанына қарамастан, мұнай бұрынғы көлемде айдалып жатқанын айтты. Әрине, біз украин тарапымен сөйлесеміз, келіссөздер жүргіземіз, кездесулер өтеді. Мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бұл мәселені міндетті түрде дипломатиялық жолмен шешуіміз керек", – деді Рахметуллин.
Еске сала кетейік, 17 ақпанға қараған түні Краснодар өлкесінің Кавказ ауданындағы "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына жеті дронмен шабуыл жасалды. Станция жедел түрде жұмысын тоқтатып, Теңіз – Новороссийск бағыты бойынша мұнай тасымалдау апаттық схемаға ауыстырылды. Нысан қатты зақымданғаны айтылды.
Ресейлік "Транснефть" компаниясы шабуылдың салдарын жоюға 1,5-2 ай қажет болатынын, бұл Қазақстаннан тасымалданатын мұнай көлемінің шамамен 30%-ға төмендеуіне алып келуі мүмкін екенін хабарлады.
Украина армиясының Бас штабы 17 ақпанға қараған түні Краснодар өлкесіндегі Ильск мұнай өңдеу зауытына соққы жасалғанын растады. Олар нысанда ауқымды өрт болғанын мәлімдеді.