Франция Украинадағы соғыс пен Еуропадағы қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін екінші саммит өткізуді жоспарлап отыр. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл жиын 19 ақпанда өтуі мүмкін, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жаңа саммитке алдыңғы кездесуге қатыспаған еуропалық елдердің көшбасшылары мен НАТО-ның еуропалық одақтастарының бірі – Канада шақырылған.
Дереккөздерге сүйенсек, жиынға Норвегия, Литва, Эстония, Латвия, Чехия, Греция, Финляндия, Румыния, Швеция және Бельгия өкілдері қатысуы мүмкін. Кездесу гибридті форматта өтеді, яғни кейбір ел басшылары бейнебайланыс арқылы қосылады.
Бұған дейін 17 ақпанда Франция президенті Эммануэль Макронның бастамасымен Парижде алғашқы шұғыл саммит өткен. Оған Ұлыбритания, Германия, Италия, Польша, Испания, Нидерланд және Дания көшбасшылары, сондай-ақ НАТО мен ЕО өкілдері қатысқан.
Кездесу қорытындысы бойынша ешқандай ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Саммитте Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру, Еуропаның қорғаныс шығындары және АҚШ-тың соғысты тоқтату жөніндегі күш-жігері талқыланды.
ЕО өкілдерінің айтуынша, кейбір елдер бұл жиынның толыққанды ЕО саммиті емес, тек “таңдаулы көшбасшылар” қатысқан кездесу болғанына наразылық білдірген.