Сауд Арабиясында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей делегациясы кездесті. Кездесуге Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Майк Уолтц және Таяу Шығыс бойынша арнайы елші Стив Уиткофф та қатысты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Голос Америки” басылымының хабарлауынша, мемлекеттік хатшы Марко Рубио сейсенбі күні Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті. Бұл Дональд Трамп пен Владимир Путиннің 12 ақпанда болған әңгімесінің жалғасы болды. Кездесу Сауд Арабиясында өтті.
Хатшы Рубиоға Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Вальц пен Таяу Шығыс бойынша арнайы елші Стив Виткофф, президент Трамптың екіжақты қарым-қатынастарды қалпына келтіру үшін таңдаған командасы қосылды. Сыртқы істер министрі Лавровқа Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков қосылды.
Кездесудің болғаны туралы Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Тэмми Брюс хабарлады.
Брюс өз мәлімдемесінде, Трамптың соғысты тоқтату үшін әрекет етіп отырғанын және АҚШ бейбітшілікті қалайтынын, әлемдегі күшті позициясын пайдаланып, елдерді біріктіруге ұмтылатынын атап өтті.
“Трамп — Украина мен Ресейді осыған келістіруге мәжбүрлей алатын әлемдегі жалғыз көшбасшы», — деді Брюс.
Тараптар Ресей мен АҚШ-тың дипломатиялық өкілдіктерінің жұмысын қалпына келтіру үшін консультациялар механизмін құруға және Украинадағы қақтығысты тоқтату жолдарын табу үшін жоғары деңгейдегі арнайы топтар тағайындауға келісті. Бұл шаралар тұрақты, орнықты және барлық тараптар үшін қабылданатын бейбіт келісімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, тараптар Украинадағы қақтығыстың сәтті аяқталуынан туындайтын геосаяси, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктер бойынша болашақта ынтымақтастықтың негізін қалау туралы келісті.
Эр-Риядтағы кездесу қатысушылары процестің уақытылы әрі өнімді алға жылжуын қамтамасыз ету үшін өзара іс-қимыл жасауға міндеттеме алды.
«Бір телефон қоңырауы мен бір кездесу тұрақты бейбітшілік орнату үшін жеткіліксіз. Біз әрекет етуіміз керек және бүгін біз маңызды қадам жасадық», деп атап өтті Брюс мәлімдемесінде.
Мемлекеттік департамент Сауд Арабиясына кездесуді ұйымдастырудағы жетекшілігі үшін, оның ішінде мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салман Әл- Саудқа алғыс айтты.