Антикордың экс-бастығы Алик Шпекбаев Сингапурда өткен тойда көзге түсті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Танымал блогер әрі PR маманы Әлішер Елікбаев желіге жүктеген видеода Шпекбаевтың қонақтар қатарында отырғаны байқалады. Ол жастарды қарсы алу рәсімі кезінде кадрға ілінген.
Еске салайық, 2018 жылы Алик Шпекбаев атағын шығару үшін тойды жәрмеңке құсап өткізетін шенеуніктерді сынға алған еді.
«Әлеуметтік желілерде кең көлемде және даңғазалықпен өткен үйлену тойларынан бейнежазбалар жиі тарайды. Зал толы гүлдер, шоу-бизнес жұлдыздары сахнада, 500-600 қонақ. Кейін бұл шараны ұйымдастырған облыстық басқарма басшысы немесе мемлекеттік қызметкер екені анықталып жатады. Мұндай үрдіс кең етек жайды. Осы бейнежазбалар қоғамда көптеген сұрақтар туындатады, олардың ішіндегі ең өзектісі – «Бұл қаржы қайдан келген?». Тағы бір маңызды мәселе – қарапайым мемлекеттік қызметшілер де басшыларынан қалыспай, мүмкіндіктеріне қарай дүркіретіп той өткізуге ұмтылады. Бұл жағдай басқару моделіне де, құндылықтарға да оң әсер етпейді, керісінше, даңғойлықтың көрінісіне айналады»,—деді ол.