«Мюнхен АҚШ-тың Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау жоспарын Украина және Еуропамен талқылай бастаған алғашқы орын болды – және олар жауап алды. Әзірге жалпы сипатта, бірақ кейбір жайттар айқындала түсті», деп жазды Германия DW агенттігі.
(Владимир Зеленский үшін Мюнхен – 2022 жылдың ақпанында Батыс көшбасшыларының «Ресей Украинаға шабуыл жасауға дайындалып жатыр» деп алдынала алаңдаушылық танытып, осы сұрақты талқылаған қала болып табылады).
Үш жыл өткен соң оқиға қалай өрбіді
Сол кезде Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясының көтерген «соғыс басталуы мүмкін»деген сауалына көпшілік сенген жоқ еді. Сондай-ақ, қатысушылар «егер шабуыл басталса Украинаның оған төтеп бере алмайды» деп те күмәнданған болатынды...
Енді, міне, сол конференциядан үш жыл өткен соң, Мюнхендегі бүгінгі форумның басты тақырыбы – «АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың бастамасымен соғысты аяқтау жоспары» болды. Ол жоспарда АҚШ тарапы «Ресей президенті Владимир Путинмен жедел келіссөздер жүргізу қажет» деген ұстанымды басшылыққа алды. Сөйтіп, форумға қатысушылардың көкейінде «Шеңбер тұйықталып бара жатыр ма?» деген сұрақ қалып қойды...
Зеленскийдің «қызыл сызығы»
Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша, «Бейбітшілік қандай жолмен мүмкін болады?» деген сұраққа нақты жауап болған жоқ. Көпшілік делегация өкілдері «Ресеймен келіссөз»дегенді Мәскеудің талап етіп отырғанындай және Мюнхен форумы қарсаңында Пентагонның жаңа басшысы Пит Хегсет айтқандай: «Украинаның НАТО-ға ұмтылуынан бас тартуы» және «Украинаның Ресей басып алған аумақтарынан айырылуын мойындауы» деген сөз бе деп түсінгені рас. Сондықтан, көкейде «Бұл келіссөздің бағасы сол ма?» деген сұрақ тұрды.
Вице-президент Джеймс Дэвид Вэнс бұл тақырыпта аз сөйледі. Ал, Трамптың Украина және Ресей бойынша арнайы өкілі, отставкадағы генерал Кит Келлог нақты ештеңе айта алмады: Вашингтон тек «Украинада ұзақ әрі тұрақты бейбітшілікті қалайтынын» мәлімдеді. Алайда ол жоспар әлі дайын емес екені анық болды. Оны украиналық лидер Зеленскийдің алдағы уақытта Ақ үй басшысы Трамппен, болжам бойынша Вашингтонда өтетін кездесуде талқыламақ екен. Бірақ бұл кездесу қашан өтетіні белгісіз...
Зеленский Мюнхенде Трамптың сценарийіндегі статист рөлін қабылдамайтынын аңғартты
«Украина біздің қатысуымызсыз және бізбен келіспей жасалған ешқандай келісімді қабылдамайды», – деді Украина президенті. Мюнхендегі Bayerischer Hof қонақүйінің конференция залы бұл сөздерді қол шапалақтап қарсы алды.
Неміс либералдарының Еуропарламенттегі депутаты Мари-Агнес Штрак-Циммерман (Marie-Agnes Strack-Zimmermann) DW-ге берген сұхбатында Зеленскийдің сөзін ең мықты баяндамалардың бірі деп атады. Ол әсіресе Украинаның Еуропаның қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған үндеуін, соның ішінде АҚШ-пен байланыстар әлсіреп жатқан шақта, еуропалық армия құру бастамасын ерекше атап өтті.
Зеленский бұған дейін Владимир Путинмен келіссөздерге тек АҚШ пен ЕО-мен ортақ ұстанымдарды келіскеннен кейін ғана баратынын мәлімдеген еді. Еуропалықтар болашақ келіссөздер үстелінде өздеріне орын талап етуде, бірақ америкалықтар оларды шақыруға асықпай отыр.
АҚШ ұсынған жобадағы «Путинмен келіссөздерге қатысу» Зеленскийдің Мюнхенде белгілеген жалғыз «қызыл сызығы» емес еді. Сондықтан да, Украина президенті АҚШ ұсынған «Украинаның сирек кездесетін минерал кен орындарына АҚШтың қолжетімділігі туралы»келісім жобасына қол қоюдан бас тартты. Америкалық баспасөздің мәліметінше, «Вашингтон Киевке көмекті одан әрі жалғастырудың орнына, деп Украинадағы осындай қорлардың жартысына қол жеткізуді одан маңызды санайтынын» білдірді. Әрине, Украина бұған қарсы емес, өйткені, онда одан басқа жол да жоқ. Сондықтан, осы жолы Украина «келісімнің нақты шарттары әлі де пысықталатын болады» деп, мәселені кейінге қалдырып қойды...
Келлог Еуропалықтарды келіссөздерге қатыстыруды қажет деп санамайды
Мюнхендегі қазіргі конференция барысында АҚШ-тың қазіргі әкімшілігінің өкілі Кит Келлог алғаш рет украиналық бизнесмен Виктор Пинчук қоры ұйымдастырған "Украиналық ланчқа" қатысты. Бұл іс-шара Трамптың стиліне сай "Your country first – win with us" («Елің бәрінен жоғары – бізбен бірге жеңіске жет») деген ұранмен өтті.
«Украинаның жеңісі» туралы Келлог ештеңе айтқан жоқ, бірақ Трамптың қызметін тиімді деп санайтынын мәлімдеді: "Біз соңғы 30 күнде (соғысты тоқтату үшін – ред.) Байден әкімшілігінің үш жылда жасағанынан да көп жұмыс атқардық", – деді ол.
Келлог Украина бейбіт келіссөздерге қатысатынын растады, алайда оның пікірінше, бұл келіссөздерге еуропалықтардың қатысуы міндетті емес екен. Бұл мәлімдеме Мюнхендегі жалпы атмосфераны шиеленістіре түсті. Себебі, бұған дейін вице-президент Вэнс Еуропаны «демократияны шектеуге тырысты» деп қатаң сынға алғаны белгілі. Бұл сөздерге еуропалықтар, соның ішінде Германия канцлері Олаф Шольц дереу қарсылық білдірген болатын.
АҚШ президентінің Украина және Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлог Украинадағы сайлау туралы пікір білдірді. Кит Келлог DW тілшісінің «Вашингтон биыл Украинада президенттік сайлау өткізуді талап ете ме?» деген сұрағына «Бұл мәселені шешу – Украинаның өз құзырындағы іс» деп жауап берді. Алайда, 1 ақпанда Reuters агенттігіне берген сұхбатында Келлог АҚШ Украинаның сайлау өткізгенін қалайтынын атап өткен еді. Оның сөзінше, егер алдағы айларда Ресеймен атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілсе, Украинада сайлау жылдың соңына дейін өтуі мүмкін деген еді.
АҚШ Ресейден қандай мәмілелер күтуде?
Америкалық өкілдердің мәлімдемелеріндегі жүйесіздік пен қайшылықтар – биылғы Мюнхен конференциясының басты ерекшеліктерінің бірі. Украина президенті Владимир Зеленский бұған ашық наразылық білдірді. Ол АҚШ-тың жаңа әкімшілігінде «әртүрлі дауыстар» бар екенін және олардың барлығы Украинаны қолдайтынына сенімді емес екенін айтты. Бірақ ол нақты кімді меңзегенін ашып көрсеткен жоқ.
Бүгінде Трамптың Украинадан қандай ымыраталап күтетіні туралы жиі айтылып жатыр. Ал, бірақ, Трамптың «Ресейге қандай талап қоятыны» әлі де түсініксіз күйде қалуда. DW Conflict Zoneбағдарламасы аясында Мюнхенде сөйлеген Кит Келлог: Ресейге де «территориялық мәмілелерге келу» ұсынылуы мүмкін екенін айтты. Осы тұрғыда ол Ресейдің «көлеңкелі флоты» туралы мәселені еске салды – бұл флот Батыстың пікірінше, Мәскеуге мұнай экспорттауға көмектесіп отыр және оған қарсы санкциялар қарастырылуы мүмкін. Сөйтіп, АҚШ тарапы Ресей көнбесе, оның мұнай экспортын шектеп қоя алатынын Ресейге тағы бір ескертіп қойды..
Мюнхеннің Украина үшін басты қорытындысы қандай?
«Үміт үзудің қажеті жоқ, ешкім Украинаны Ресейге тапсырған жоқ», – деді британдық саясаттанушы Марк Галеотти DW-ге берген сұхбатында. «Бірақ бұл Мюнхен конференциясының ерекшелігі – әдетте мұнда Батыстың бірлігі туралы айтылады, ал бұл жолы біз Батыстың бөлшектенгенін көріп отырмыз. Бұл Киев үшін жақсы жаңалық емес».
Осы жағдайға қарамастан, Владимир Зеленский алаңдаушылығын жасырмағанымен, әзіл сезімін де жоғалтқан жоқ. Оның сөз сөйлеуі кезінде кейде президент сөйлеп тұр ма, әлде бұрынғы актер ме – ажырату қиын болды. Залда күлкі тудырған сәттердің бірі – Зеленскийдің Трампқа бірнеше рет «Путин сізден қорқады» деп қайталағанын айтуы болды. Ол осы сөздерден кейін драмалық кідіріс жасап, «Енді Путин мұны біледі» деп қосып қойды...
Редакциядан: АҚШ мәлімдемесін АҚШтың өзінде де демократтар және көптеген республикалықтар «сатқындық» деп бағалап, шу көтеруде. Оны еуропалықтар да жылы шыраймен қабылаған жоқ. Сондықтан, еуропалықтар өзінің қаружарақ өндірісін іске қосып, Украинаға көмегін тоқтатпайтынын мәлімдеуде. Олар, Украинаның қаружарақ өндірісін қатар дамытуды жоспарлауда. Себебі, Ресейге жаулап алған жерлерді қалдыру – Ресейдің жеңісін мойындау, мемлекет территориясы тұтастығы туралы Халықаралық заңды өрескел бұзу деп санайтындықтарын ашық айтуда.
Әбдірашит Бәкірұлы,
шолушы