Қайрат Байбосынов. Мен жалпы қазақтың әншісімін

4246
Adyrna.kz Telegram

Қазақ өнері мен мәдениеті, оның ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан дәстүрлі әндері тарихында осы бір есім ерекше аталатыны ақиқат. Тереңге сүңгімей-ақ, бертіндегі Әмірелер салған сара жол, қазақтың болмыс-бітімі мен салт-дәстүріне сай әуені мен сөзі үйлесім табатын бай мұрасы – дәстүрлі әндер қашанда сөз  етуге,  таңды таңға ұрып әңгімелеуге тұрарлық. Елордадағы қазақтың тағы бір талантты қызы Айман Мұсақожаева басқаратын Өнер университетінде қызмет атқарып жатқан әншіні телефон арқылы  сұхбаттасуға шақырған едік. Аспандағы құспен үн жарыстырған, өзіндік бел-белесі бар Қайрат ағамыз да жағдайымызды тез түсінді білем, өтінішімізді құп алды.

– Қайрат аға, негізін біртуар жазушы Қалтай Мұхамеджанов қалаған, бүгінде жігіт жасы 20-ға толып отырған халықаралық «Түркістан» апталығының оқырмандары өзіңізді іздеп жатыр десек болар. Астанаға қашан, қалай кетіп қалдыңыз? Жалпы, тыңдармандарыңыз құлағдар ғой, дегенмен өнерге қалай келгеніңіз жайлы да айтып өтсек…

– Он алты жасымнан бері қолымнан қоңыр домбырамды тас­тамай, хал-қадерімізше қазақтың дәстүрлі әндерімен өсіп-өркендеп келе жатқанымызды көзі қарақты тыңдарман білер деп ойлаймын. Сондықтан да өмірдеректен сөз қозғамасақ та болар. Сарыарқаның кіндігі саналатын Жаңаарқа өңірінде дүниеге келдім. Ол бір өнер тұнған, өнер қонған өңір. Қазақ өнерінің біртуарлары өмірге келген өңір.Мен де сол қасиетті өнер көшіне ілесіп келе жатқаныма талай жылдар болды ғой. Бала қиял кезінде суретші болуды армандадық. Кітапқұмар толқынның өкілі болғандықтан, «Мың бір түнді» оқып жүріп археолог болғымыз да келген. Ал анам мал дәрігері болса екен деуші еді. Сөйтіп жүріп, мектеп бітірген соң Алматыға келдім. Бірақ жастайымнан қолымнан домбыра түспеуші еді. Қоңыр домбыраны шертіп, сәл босай қалсам ыңылдап ән салып, өзіммен өзім ән әлеміне енетінмін. Сөйтіп, әнге деген құмарлық, домбыра шертуге деген махаббат Алматы эстрада-цирк студиясына жетелеп әкелді. Бала дауыс әлі жетіле қоймағандықтан ән емес, күй класына жіберу туралы сөз бола бастағанда, менің бағыма Ғарифолла Құрманғалиевтің көзіне түсіппін. Ол кісі болашағымды бағдарлап үлгерген тәрізді, үлкен үміт-сенім білдіріп, мен Жүсіпбек Елебековтің класынан бір-ақ шықтым. Қазақтың біртуар күміс көмей дарынды әншісіне шәкірт болдым. 1969 жылы бітіріп шықтым да, осы студияның оқытушысы әрі сол кезеңдерде атағы гүрілдеп тұрған «Гүлдер» ансамбліне әнші болып орналастым.Осылай жылдар жылжып, таныла бастадық қой. Одан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияға аға оқытушы, доцент, «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі, одан кейін кафедра профессоры болып қызметтер атқара жүріп, қазақтың дәстүрлі әндерін насихаттауға үлес қостым, шәкірттер тәрбиелеу ісімен айналыстым. Тоқсаныншы жылдардың соңында Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжін басқардым.Ал, елордамызға 2009 жылы қазақтың талантты қызы Айман Мұсақожаева басқаратын Қазақ Ұлттық Өнер университетінде халық әндерін терең насихаттау үшін «Дәстүрлі ән» кафедрасын ашу керек болды да, ұсыныспен осында келдім. Міне, осылай астаналық болдық.

– Қайрат Әукенұлы, кезінде қазақтың дәстүрлі ән мектебі жайлы көп жазылушы еді. Марқұм Ақселеу аға Сейдімбеков, сазгер Ілия Жақанов көп қалам тартты. Кәдімгідей талдап-танып жазды. Мәселен, Арқа мектебі, Жетісу мен Батыстың дәстүрлі ән мектептері жайлы. Сол кезде осы өңірлердің ән мектептері арасында сабақтастық бар болатын, қазір ше?

– Керісінше, қазақ әндер мектебі жіктелмеген, жіліктелмеген. Тұтастай қазақтың халық әні болып саналды. Немесе, авторы, яғни композиторы ғана аталды. Мысалы, Ақан, Біржан, Мұхит, Кенен деген сияқты. Ал 1925 жылдан бас­тап, А.Затаеевич, Ахмет Жұбанов, Б. Ерзакович, Мұқан Төлебаев еңбектерінде қазақ әндерін тұтастай бөлмей, «Қазақтың классикалық халық әндері» деп атады. Жігі ажырамаған халық мұралары болатын. 1992 жылдардан бастап мектеп деген атау пайда болды да, өңір-өңірге бөліне бастады. Әркім өз мектебін жырлап, басқа аймақтарға мойын бұрмайтын халге жеттік. Бұрын тек Жетісу әуені, Алтай-Тарбағатай сарыны, Арқа әуені, Батыс Қазақстан әуен-сарындары болып қана бөлінетін. Сонымен қатар, домбыра сүйемелімен ғана ерекшеленген.Халықтың әнін өңір-өңірге бөліп қарауға өз басым қарсымын. «Арқаның әншісі», «Сырдың әншісі» деп жатады. Мен – қазақтың, қазақ ұлтының әншісімін. Ал, ән шертпе, төкпе деп жіктелді. Мәселен, оңтүстікте домбыраны шертіп тартса, батыс өңірлерде төкпе шерту дамыған, әннің орындалуындағы осындай ерекшеліктерге байланысты жіктеуге болар. Қарап отырсаңыз, домбыра шерту, қағу арқылы ғана айыруға болады. Батыс Қазақстанда домбыраны жосылтып, төгілдіріп тартады. Бұл қағыс әннен гөрі күйге келіңкірейтінін байқау қиын емес. Ал, мектеп бір ғана – Ғарифолла Құрманғалиевтің мектебі деуге қисын бар. Ол енді ерекше дауысты, дарын иесі еді. Сондықтан да, соңынан шәкірттер ерді. Үрдісі бөлек мектеп болып қалыптасты.Жалпы, қай өңірде болмасын орындау қабілетіңе, орындалу үрдісіне байланысты халық өзі қабылдап, өз таңдауын жасайды. Өйткені халықтың төл мұрасы өзінен алшақтамауға тиіс. Табиғатынан өнерге, әнге құмарлығы ерекше жаратылған туған халқымыздың туған төл мұрасы да сол қалыптан шықпауы керек тәрізді.

– Ертеректе теледидардан Ілия Жақанов екеуіңіз жүргізген хабарларыңызды әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сонда ұмыт қалған талай әндердің тұсауы кесілгенін де білеміз. Мәселен, өзіңіз бағын ашқан деуге болатын шығар, әсіресе, Біржанның «Айбозымы». Қазір неге осындай ізденістер жоқ.Ақан сері, Біржан салдың, Үкілі Ыбырайдың ұмыт қалған немесе айтылмай жүрген әндері болуы мүмкін бе?

– Дұрыс айтасың, 1980 жылдары қазақ теледидарынан «Асыл мұра» тележобасы түсірілді. Осы хабар барысында көптеген белгісіз болып келген халық әндерінің табылып, тыңдарманға жетуіне өнер зерттеуші, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ілия Жақановтың еңбегі ерекше. Фольклорлық сапармен ел аралап, мол мұра жинауда ол кісінің еңбекқорлығы, жанкештілігі бір әңгіменің аясына сыймайтын тірлік дер едім. Онсыз да қазақ әндерінің мол мұрасының аясы кеңейіп, тынысы ашыла түсті. Ілекеңнің осы бастаған еңбегі жалғасын тауып жатыр деуге болады. Кезінде халық жауы болып атылып кеткен Тайжан Қалмағамбетовтың он екі, Құлтума Өтемісұлының он бес әні табылды. Бүгінде өзім қызмет жасап жатқан Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасы осы бір игі дәстүрді жалғастыруда. Ұстаздарымыз Айтбек Нығызбаев, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ербол Сариндер мұрағаттағы мұраларды терең зерттеп, ел ішінде айтыла бермейтін көптеген белгісіз әндерді орындауда студенттерін жұмылдыра білуде.Сондықтан да ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді қайта қалпына келтіріп, халық арасына тарату үрдісі жалғасуда деп айтуға негіз бар. Сабақтастық бар. Кезінде ел арасында ұмытылып бара жатқан әндерді ауыл ақсақалдарының аузынан ерінбей іздеп жүріп жазып алып, оның түбірінен алшақтамай өңдеп, Ілекең маған ұсынатын. Мен оны домбыраға салып, орындайтынмын. Сондай әндердің бірі де бірегейі Біржанның «Айбозымы».

Айбозым, айхой бозым, даңғыл бозым,

Ел шалғай, жүре алмадым жалғыз өзім.

Сүйіктім сүйіскенді сағынғаннан,

Талады қарай-қарай екі көзім,– десе, енді бірде:

Өзіңнің теңдес құрбың болмаған соң,

Өтеді енді кімге айтқан сөзің,– дейді. Біржан салдың әбден ауруы дендеп, барыстан да, келістен де қалған, яғни базардан қайтқан шағында зарлана жазған соңғы әндерінің бірі. Өмірін әнсіз-жырсыз елестете алмайтын абыз Біржан мына жарық дүниенің қадір-қасиетіне философиялық көзқараспен қарап, жанына батқан сырқатты сәл-пәл болса да осылай жырға қосып, шарасыз бір күй кешкен деседі.

Үкілі Ыбырайдың шығар­машылығының жарық жұлдызындай болған «Гәкку» десек, сол әуезді әннің бүгінде төрт түрін зерттеп, тірілтіп, әншінің шығармасын халыққа жеткізу жолында да осы Ілекеңнің еңбегі зор. Сазгердің «Екі жирен», «Үзілген ән» атты кітаптары осындай тарихи әндер жайлы, оның ішінде Арқа өңірінің ән өмірінің ерекшеліктері туралы сөз қозғайды. Зерделі зерттеулері өте терең, сазды ән тәрізді эсселер ғой. Оқырман жылы қабылдаған дүние.

– Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі әндер байқауын өткізу, тіпті, Кеңес дәуірінің өзінде дәстүрге айналып еді. Талай белгілі әншілердің тұсауын кескен осындай байқаулар өткізуге бүгінде не кедергі?

– Олай деуге келмес. Өйткені кеңес дәуірінде Әміре Қашаубаев атындағы жалғыз-ақ байқау болған.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Естай, Нартай, Майра, Жаяу Мұса, Мәди, Кенен, Әсет атындағы Республикалық байқаулар, Ғарифолла Құрманғалиев және Дәнеш Рақышев атындағы ән байқаулары жүйелі түрде өтіп келеді. Бірақ насихатталуы, халық арасына жетуі қиындау.

Біздің отандық телерадиодан беріліп, жиі-жиі қайталанып көрсетіліп отырса жақсы болар еді. Ондай мүмкіндіктер бар, әттең, енжарлық па екен, кім білсін, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталуы жеткіліксіз. Оның үстіне, бұл шаралардың ұйымдастырылуына да байланысты. Байқаудың кімнің, ненің құрметіне өткізілетініне баса көңіл бөлінуі керек. Мәселен, Ба­луан Шолақ атындағы байқау болса, оның өмірбаяны, шығармашылығы, әндерінің тарихына дейін жете білетін орындаушылар ғана қатысуы қажет. Естай болса, Естайдың орындау стилі, шығармашылығынан толық хабардар, Мұхит атындағы байқау болса, құр жаттап емес, түсініп-түйсініп барып орындайтын әншілер ғана қатыстырылуы тиіс. Тағы да айтуым керек, байқауда ең назарда ұстанатын жәйт, ол ән ырғағының сақталуы. Ұлттық өнерді кейінгі жастарға үйретуде ең ұстанымды мақсат та осы болуға керек. Ұлттық нақышты, ұлттық ырғақты ұстана отырып қана ұлттық өнердің мәнін арттырамыз.Жоғарыда айтылған телехабарларды үздіксіз қайталап беріп отыру да – халық әндерінің бағыт-бағдарынан адаспаудың, анығырақ айтқанда, адастырмаудың бір жолы дер едім. Жалғыз Ілекең ғана емес, есіңізде болса, Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрменов, бертінде Тынышбай Рахимов жүргізген талай музыкалық, оның ішінде өн бойына ұлттық бояу-болмысы, әдет-ғұрыпты сіңірген қазақтың дәстүрлі әндері мен эстрадаға үндестірілген талай бағдарламалар болды. Егер қазақ теледидары мен радиосының «Алтын қорында» болса, қайталанып беріліп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Ал, бүгінгі жастардың бойындағы жалқаулық, ізденімпаздыққа бей-жай қарайтыны қынжылтады. Әрине, бәрі емес, дегенмен сабақ барысында осындай кемшіліктер байқалып қалып жатады.

– Сіздің ұстазыңыз Жүсіпбек Елебеков болғанын жоғарыда айтып өттіңіз. Былайша айтқанда, ұстаздан бағыңыз жанған әншісіз. Осы ретте қазіргі ұстаздық, шәкірт тәрбиелеу жөнінде не айтасыз?

– Иә, әннің бағын ашатын әнші дер болсақ, сол өте кірпияз, таза өнер жолында талғамы биік, талапшыл ұстаздың да еңбегі зор. Кез келген әншінің қаншалықты дарынды, қабілетті болғанымен, тума талант болғанымен, ұстаз алдынан өтпейтіні жоқ. Ұстазым Жүсіпбек Елебековтен алған дәріс, тәлім-тәрбие бүгінде өз жолымен-жөнімен шәкірт тәрбиелеу жолында пайдаға асып жатыр. «Ұяда не көрсең…» дегендей, ұлы ұстаздарымыздың еңбегі жалғасып жатыр, жүзеге асып жатыр.

– Қайрат аға, ұяда дегенді айтып қалдыңыз, Арқа өңірі, оның ішінде Жаңаарқа десе, жотамыз қызып, бүйрегіміз бүлк ете қалатыны бар. Өйткені кіндік қаным тамбаса да, өскен-өнген орта деп қабылдайтынымды жасыра алмай отырмын. Ол бір бесіктегі баладан аса таяқты ақсақалына дейін әнқұмар, жырқұмар өңір саналады. Өзіңіз де сондай отбасынан шықтыңыз…

– Несін айтасың, тағы да Ілекеңе әңгіме тізгінін бұрсақ, «Жайлаукөл кештері», «Толағай», «Сырымбет», «Бозқараған», «Балқантау», «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Еділ мен Жайық», «Есіл бойында» сынды шығармалар арналған туған жерге не жетсін?!

Туған бауырым Ахат Байбосынов шертпе күйдің шебері. Жезқазған қаласындағы атақты «Ұлытау» ансамблінде ұзақ жылдар қызмет атқарды. Арқаның жанға жайлы біраз керім әндерінің авторы Жақсыгелді Сейіловпен қызметтес болған. Бірнеше байқауларда бас жүлдені бермейтін ойнақы бесаспап күйші. Жұбайы Роза да елге танылып қалған әнші. Ал қыздары Айша Байбосынова бүгінгі көзі қарақты тыңдарман мо­йындап қалған жас әншілер қатарында.

Бала кездегі суретші болсам деген арманымды ұлым Мұхтар орындады. Белгілі суретші, әсіресе табиғат көріністерін көркем сурет­тейді. Жеңгелерің өмірбақи менің бабымды жасап, тек қана шығармашылықпен айналысуыма мүмкіндік жасап отырған аяулы жар, ақылман ана.

– Бір кездері қазақтың дәстүрлі әншілері аз болмаған. Солар бір-бірін қайталамайтын, өзінше бөлек үні болды. Ал қазіргілерде еліктеу басым сияқты. Мәселен, Сізге ұқсағысы келеді. Бұған қалай қарайсыз?

– Өнердің өзі еліктеу мен ұқсастықтан басталады. Кім өнерге қалай, қанша жаста келсе де, өз жолы, өз үрдісін қалыптастырады. Тек таза өнерді аялай, қадірлей білуі керек дер едім. Алауыздық, қызғаншақтық, бір-бірінің аяғынан шалу, көре алмаушылық деген тәрізді қасиеттер өнерге жат. Таза өнерде шығармашылық бәсекелестік қана болады. Менің өнердегі өмірбаяным жастарға ұнап жатса, олар өздеріне үлгі-өнеге тұтып жатса, неге қуанбасқа, қолдамасқа! Бір-бірімізді қолдап, қорғап, бір-бірімізге ғана еліктеп жатсақ, қане?! Ең бастысы даңғаза, у-шуы мол шетелдік өнердің жоқтаушысы болып кетпесек екен деген ой мазалайды. «Өнерді үйрен де жирен» дегенді айтқан Абай атамыз меңзеген ойды түсіне білсе, өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың қадірін түсінсе, сахнаның, киелі сахнаның салмағын арттыра түссе, неге қуанбасқа?!

– Шыны керек, дәстүрлі ән мектебінің оқытылу методикасы мен дәстүрлі ән кластары бізде Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда, Өнер академия­сында, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде, т.б жоғары оқу орындарында бар. Дегенмен, жалпы дәстүрлі өнерге арналған арнайы оқу орнын ашуға болмас па еді?

– Алматыда Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде, Астанадағы Ұлттық өнер университетінде «Дәстүрлі ән» кафедралары таза қазақтың ұлттық дәстүрге бай мұраларын терең оқытып, зерттеумен айналысады. Меніңше, осы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ өнерінің, дәстүрлі халық әндерінің болашақ жанашырларына бұдан артық жеке оқу орнының қажеті шамалы.

– Бұрынырақта өзіңіз секіл­ді белгілі әншілермен кездесулер мен концерттер жиі ұйымдастырылып тұратын. Қазір осы үрдіс неге үзіліп қалды?

– Бұл пікірге біржақты қарауға болмас, кезінде еліміз түгілі, алыс-жақын шетелдерді өнер сапарымен армансыз араладық. Америкадан бастап, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия мен Қытай, тіпті сонау Сингапурға дейін қазақтың әндерін, ұлттық әндеріміз бен қоңыр домбырамызды арқалап, талай жолсапар шектік. Теледидар мен қазақ радиосы жарысып беріп жататын. Әр нәрсенің де өз уақыты, өз кезеңі болады. Қалыптасады. Шарықтайды. Әрине, құлдырамай-ақ қойсын. Ал, соңғы жылдары жас­тар тәрбиелеуге, өзіміздегі өнерді кейінгілерге дарытып, үйретуге кіріскен жайымыз бар. Дегенмен, кездесулерден қашпаймыз, ата-анамыз көгілдір жәшік деп атаған теледидарда жиі береміз, концерттеріңізді қайталаймыз деп жатса, өз қолдарыңда емес пе?! Оған неге қарсы болайық?..

– Кейде, тіпті, көбіне деуге болатын шығар, үкіметтік концерттерде домбыраға, дәстүрлі әндерге көп орын берілмей жатады. Мұның себебі неде? 

– Ол жоғары құзырлы орындар тарапынан кетіп жататын кемшіліктер болар. Әсіресе, мәдениет министрлігі тарапынан қадағалауды қажет ететін, назардан тыс қалдырмайтын мәселе. Өзекті, өткір мәселе дер едім. Сондықтан, дәл адреске дөп келмей тұр. Менен гөрі бұл сұрақты жоғары жаққа жолдасаңыздар болар еді.

– Сондай-ақ, кейінгі кездері Қазақстанның Халық әртісі атағын қалпына келтіру жөнінде рухани ортада жиі сөз болып жүр. Сіздің ойыңыз?

– Шындығына келсек, бұл сұраққа да анық жауап беру мүмкін емес. Үкімет тарапынан шешіліп жататын шаруа. Ең бастысы, өнер адамдарының атақ-абыройы, беделі айналып келгенде халыққа байланысты. Сол Халық әртісі атағын алмай-ақ, қазақ мәдениетіне, өнеріне өмірбақи қызмет етіп, адалдық танытқан талай өнер тарландары дүниеден өтті ғой. Сондықтан, бұл мәселеге де аса бас ауыртпаған абзал. Ең бастысы, әркім өз халінше туған халқының өнерін насихаттауға, ғұмырын ұзартуға үлес қосса, оған неге сый-құрмет дәметуі керек?!


Әңгімелескен Таңсұлу Алдабергенқызы,

«Түркістан».

Пікірлер