Қарағанды қаласының тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылды қайтадан «Бейбітшілік» деп атауды сұрап, петиция ұйымдастырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы жергілікті БАҚ-қа сілтеп.
Бастама авторының айтуынша, «Бейбітшілік бульвары» атауы 10 жыл бойы тұрақтылық, бірлік пен достықтың символы болып келген. Оның тарихи құндылығы бар және бірнеше ұрпақтың санасында қалыптасқан. Сонымен қатар, көше атауының өзгеруі қала тұрғындары мен туристер арасында шатасу тудырып, навигацияны қиындатқан.
“Қарағанды тарихқа бай қала, ал тарихи топонимдерді сақтау – дәстүрімізді құрметтеу. Сондықтан біз биліктен Қарағандының тарихи және мәдени бірегейлігін сақтау үшін бұрынғы атауын қайтаруын сұраймыз,” – деді петиция авторы.
Егер бұл бастама 50 мың дауыс жинаса, әкімдік мәселені ресми түрде қарастырады.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Қарағанды әкімшілігі «Бейбітшілік бульвары» мен Төлепов көшелерін біріктіріп, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атаған болатын.
Айта кетейік, “Бейбітшілік бульвары” бұрын “Бульвар” көшесі деп аталып, 1952 жылы құрылған болатын.