Астанада тұрғын үй кешендерінің бірінде жеделсаты ішінде медициналық бетперде киген жасөспірім бес жасар балаға пышақ жарақатын салған оқиға қазақстандықтарды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Зардап шеккен бүлдіршін №2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылып, оған шұғыл ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, баланың бетінің жұмсақ тіндеріне бірнеше кесік жарақаты салынған.
“Хирургтар қан кетуді тоқтату үшін тамырларды тікті. Қазіргі таңда оның жағдайы орташа тұрақты деп бағалануда. Бала белсенді, барлық қажетті ем-шараны толық көлемде алуда,” – деп хабарлады Астана ҚДБ баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 11 ақпанда орын алған оқиғаға қатысты тергеу жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім екенін анықтады. Құзырлы органдар істің мән-жайын тексеріп жатыр.