6 ақпанда Ресей президенті Владимир Путиннің шешімімен "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясының бас директоры кенеттен ауыстырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
68 жастағы Юрий Борисовтың орнына 39 жастағы Дмитрий Баканов тағайындалды. Бұрын Баканов Ресейдің көлік министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл өзгерісті корпорация қарқынды дамуы тиіс, сондықтан басшылық ауыстырылуда" деп түсіндірді. Борисов бұл лауазымда небәрі екі жарым жыл қызмет етті. Мұндай күрделі салада мұндай уақыт ішінде айтарлықтай нәтижеге жету қиын. Алайда "Роскосмоста" басшылықтың жиі ауысуы қалыпты жағдай. Мысалы, Борисовтың алдындағы Дмитрий Рогозин төрт жыл қызмет еткен. Бұл корпорация тарихындағы ең ұзақ мерзімдердің бірі.
Дегенмен, кадрлық өзгерістер "Роскосмостың" жалпы даму бағытын өзгертпеді. Ресей ғарыш саласында Кеңес Одағынан қалған әлеуетті біртіндеп жоғалтып, тек АҚШ-тан ғана емес, Қытайдан да артта қалып келеді.
Юрий Борисов 2022 жылдың шілдесінде "Роскосмос" басшысы болып тағайындалғанға дейін Ресей үкіметінде вице-премьер қызметін атқарып, әскери-өнеркәсіптік кешенді басқарған. Оның негізгі жетістігі – "Ангара-А5" ауыр зымыран тасығышының "Восточный" ғарыш айлағынан алғашқы сынақ ұшырылуын ұйымдастыру болды. Бұл Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін толығымен жаңадан жасалған алғашқы ресейлік зымыран. Алайда, Борисовтың басшылығындағы маңызды сәтсіздік – "Луна-25" жобасы. Ресейдің 1976 жылдан кейінгі алғашқы Ай бетіне қону кезінде апатқа ұшырады.
31 желтоқсанда Путин Борисовқа 2030 жылға дейінгі және 2036 жылға дейінгі келешекке арналған Ресейдің ғарыш саласын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырды. Жоба 2025 жылдың 1 мамырына дейін дайын болуы керек. Енді жаңа басшы Дмитрий Баканов қысқа мерзім ішінде корпорацияның ісін толық игеруі тиіс.
Айта кету керек, Баканов бұған дейін Ресейдің ғарыш саласында жұмыс істеген. 2010 жылдары ол "Роскосмос" құрамындағы "Гонец" спутниктік байланыс жүйесіне жауапты еншілес кәсіпорынды басқарған.