АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) Вашингтондағы штаб-пәтері жабылды, ал агенттік қызметкерлері жұмысқа келмеу туралы электрондық пошта хабарламасын алды. Бұл туралы дүйсенбі, 3 ақпанда CNN жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
"USAID басшылығының нұсқауымен, АҚШ-тағы Рональд Рейган ғимаратында орналасқан агенттіктің штаб-пәтері 2025 жылғы 3 ақпанда қызметкерлер үшін жабылады. Штаб-пәтерде әдеттегідей жұмыс істейтін агенттік қызметкерлері ертең қашықтан жұмыс істейтін болады, тек негізгі қызметтерді орындаушы қызметкер ғана ғимаратта болады, бұл қызметкерлермен жоғары басшылық жеке байланысады", - делінген электронды хатта.
Телехабарға сәйкес, ғимараттан USAID логотиптері мен агенттіктің қызметін суреттейтін фотосуреттер алынып тасталған. Агенттіктің веб-сайты мен әлеуметтік желілердегі аккаунттары да жұмысын тоқтатқан.
Алдыңғы күні АҚШ президенті Дональд Трамп USAID басшылығындағы отставкаларды жариялаған болатын. Ол бұл агенттікті "радикалды, ақылсыз топ басқаруда" деп атап, "біз оларды алып тастаймыз, содан кейін шешім қабылдаймыз", деп мәлімдеді. Бұған қоса, ақпарат құралдары агенттіктің кейбір қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібергенін немесе келісімшарттарын бұзғанын хабарлады, бұл жағдай президенттің басқа елдерге көмек көрсету бағдарламаларын тоқтату туралы жарлығын айналып өту әрекеттеріне күдік тудырды.
Бұған дейін АҚШ президенті жаңа үкіметтік тиімділік департаменті басшыларының бірі етіп тағайындаған бизнесмен Илон Маск USAID-ті сынаған болатын. Tesla және SpaceX бас директоры агенттікті қылмыстық ұйым деп атады және USAID-ті кәсіпкер COVID-19 деп атаған биологиялық қаруды әзірлеуді қаржыландырды деп айыптады. Маск өз сөздерін ешқандай дәлелмен растамады.
Айта кетсек, USAID шетелдегі азаматтық көмек және даму ынтымақтастығы саласындағы жұмыстарды басқаратын агенттік. Оның жылдық бюджеті 42,8 миллиард долларды құрайды.