AI мен робототехниканы біріктіру саласындағы көшбасшы AgiBot компаниясы Қазақстанда роботтар өндірісі мен AI шешімдерін енгізу кәсіпорнын құрады. Бұл туралы бүгін, 3 ақпанда Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«AgiBot сияқты озық компаниямен серіктестік – робот жасау саласын дамыту тарихындағы маңызды кезең. Әсіресе, біздің әріптестігіміз Қазақстан аумағында роботтар өндірісін локализациялауды көздейтінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бізге машина жасау саласындағы ең перспективалы бағыттардың бірінде кәсіпорын ашумен қатар, сараптамалық тәжірибені арттыруға және робототехника саласындағы отандық құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Бірлескен бастамаларды қаржыландыруға ewpartners жеке инвестициялық қоры және «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ қатысады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, тиісті келісімге «Digital Almaty 2025» форумында қол қойылды.
2023 жылдың ақпанында негізі қаланған AgiBot компаниясы әмбебап адам тәрізді роботтарды әзірлеу және өндірумен айналысады. AgiBot жасанды интеллект пен робототехника саласындағы технологияларды белсенді дамытып, роботтарды өнеркәсіптен бастап тұрмыстық міндеттерге дейін кең ауқымды қолдану үшін әзірлейді.