Жамбылдықтар мал басы түрінде тауарлық несие алды

1023
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда мал басы түрінде тауарлық несие беріле бастады. Алғаш боп бұл несиені Шу ауданының тұрғындары алды. Бұл туралы Жамблыс облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жазды,деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жаңа бағдарламаның мақсаты — ауылдық елді мекендерде мал басын көбейту. Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, несие шарты бойынша ауыл тұрғындары мал басын одан әрі өсіру үшін тауарлық несие алады. Аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыз азаматтарды қолдауға басымдық беріледі. Тауарлық несиесі 5 жыл ішінде өтелуі керек, оның бірінші жылы – демалыс, одан кейін жыл сайын – төлдің 50 пайызы негізінде өтем төлеуге міндеттеледі. Бағдарламада ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыру шарты және кепіл көзделген, бірақ бұл тармақтар міндетті емес, тек екі тараптың келісіміне сәйкес жүзеге асады.

Тауарлық несиелеу бағдарламасы аясындағы алғашқы келісім Шу ауданында жасалды. «Атай» шаруа қожалығының иесі Сәкен Атаев Абай ауылының тұрғыны Қалисұлтан Тілепбергеновке 50 бас (құны - 3 млн. теңге), ауыл азаматы Бақытжан Ботаевқа 3 млн. теңгеге 50 бас қой тұқымын берді.

— Жаңа бағдарлама тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға жақсы мүмкіндік береді деп есептеймін. Ауылдастарымды қолдап, еліміздің дамуына үлес қосуға әзірмін. Алдағы уақытта асыл тұқымды малды да беру ойымда бар, — деді Сәкен Атаев.

Қалисұлтан Тілепбергенов тауарлық несиелеу тетігін тиімді пайдаланып, ауылдық ағайынға қолдау көрсетпек. Жаңа бағдарлама аясында өңірдің барлық аудандарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мойынқұм ауданында «Үркер» шаруа қожалығы 20 бас ірі қара мен 100 бас уақ мал беруге дайын. Қазір белсенді ауыл тұрғындарының тізімі жинақталып жатыр. Тауарлық несиелендіру бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 80-ге жуық келісімге қол қою жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына жаңа құрал – «тауарлық несиені» енгізу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.

Пікірлер