Қарағанды облысында 12 жастағы Дамир Булумбаевтың анасы төрт рет жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Алғашқы үш рет медициналық қызметкерлер баланы ауруханаға жатқызудан бас тартып, оның ауырсынуын психосоматика деп бағалаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп.
Тек төртінші рет шақырғаннан кейін ғана бала ауруханаға жеткізілгенімен, тым кеш болған.
Ekaraganda.kz мәліметінше, Дамир жуырда ғана тұмаудан емделіп шыққан. 26 қаңтар күні кешке ол аяқ бұлшықеттерінде қатты ауырсыну сезінгенін айтып, анасы жедел жәрдем шақырған. Бірақ келген фельдшер тек сырттай қарап, баланың жағдайын ауыр деп есептемеген. Келесі шақыртуларға да фельдшер жауап бермей, тек төртінші мәрте келгеннен кейін ғана бала ауруханаға жеткізілген.
Дамирдің туыстарының айтуынша, жедел жәрдем фельдшері ауруды елемей, баланы психиатриялық ауруханаға жіберемін деп қорқытқан. Бала қайтыс болар алдында анасынан көмек сұрап, "мама, мен өлгім келмейді" деп айтқан.
Ауруханаға жеткен кезде реаниматолог дәрігерлердің баланы құтқаруға тырысқанына қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты тергеу басталғанын хабарлады. "Медициналық қызметкерлер тарапынан бұзушылықтар анықталды. Кінәлілер жауапқа тартылады", – делінген басқарманың ресми мәлімдемесінде.
Баланың туыстары оны аман алып қалуға болар еді деп қайғыруда.