Мен таңдаған университет

7784
Adyrna.kz Telegram

Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу болмас еді.

Әлкей Марғұлан

Уақыт неге сонша тез өтеді? Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған едім, міне, бүгін он бірінші сынып оқушысы атандым. Бала кездегі арман-қиялдың бәрі де мақсатқа айналып, жүзеге асатын сәт те келіп жетті. Мамандық таңдауда ұзақ ойланып, сан толғанып, бір шешім қабылдау маған да қиын соқты. Ал менің шешім қабылдауыма түрткі болған жайт не деп ойларсыз? Бұл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде өткен «Жас тілшілер» форумынынан алған әсерім еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Мәңгілік ел қақпасына» кірген сәттен-ақ үлкен жауапкершілікті сезіндім. Телестудияда оқытушылардың айтқан ақыл-кеңесінен соң журналистика қызықтарымен қатар, қиындықтары мол сала екені санама жеткендей болды. Сол мезеттен бастап бұралаң өмір иірімінен өзімнің жолымды тапқандаймын.  Әл-Фараби атындағы оқу орнының грант иегері атануды мақсат етіп, еңбектенумен келемін!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті–Қазақстандағы ең беделді оқу орнындарының бірі, әлемдегі 800 ең үздік университеттер арасында 207 орынға ие жоғары беделді оқу орны. Университет 180 сала бойынша мамандар даярлайды. 1934 жылы іргесі қаланған сәттен бастап, осы күнге дейін тек жоғары деңгейді көрсетуде.

Білім ордасының әлемнің екінші ұстазы, шығыс философы, 150-ге жуық сан-түрлі салада еңбек жазған Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімімен аталуы–университет үшін үлкен мәртебе. Әл-Фараби тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Әл-Фараби–араб тілінің білгірі әрі ақын. Дана-ойшыл өзінің жазған еңбектерін екі топқа жіктеген: бірі–теориялық ғылымдар (жаратылыстану ғылымдары, метафизика) екінші тобы–практикалық ғылымдар (этика, фиқһ, кәләм ғылымдары). Әл-Фараби–сан қырлы ғылымды жетік білген, физик, математик, астроном, ботаник, лингвист,  логика және музыка зерттеушісі. 

Елбасымыз Н. Назарбаевтың қолдауымен ҚазҰУ аумағы қала ішіндегі ғажайып қалашыққа айналды, ҚазҰУ мұражайы, жастарға арналған Интернет орталығы бой көтерді. Қазақ ұлттық университеті 16 факультеттен, 20 ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардан, тіл және ақпараттық технология орталықтарынан тұрады. Оқу орнында студенттердің білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Қалашықта жаттығу залы, спорт алаңы, 5 мың көрерменге арналған алаң, спорттық ойындар залы және футбол алаңдары бар. Қалашықтың барлық территориясында  сымсыз жүйе «WIFI» жұмыс істейді. Қалашықтағы студенттер үшін тағы бір ерекше аймақ–Әл-Фараби кітапханасы. Тек студенттер емес, сонымен қатар, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді қоса алғанда оқырман саны–20 мың, кітап қоры–2 миллион, білім алушылар мерзімді басылымдар залынан күнделікті жарияланатын ақпаратпен танысып, 250-ге жуық Республикалық және Халықаралық газет-журналдарды оқи алады. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы қалашықтың–көрікті де әсем ғимараттарының бірегейі. «Керемет» орталығы, расында да, керемет, себебі, орталықтан керектінің бәрін табуға болады, кинотеатр, кафе, сұлулық салоны, дәріхана, кітап дүкені, жаңа медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы да бар. Мұнда «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс атқарылады, жалпы 8 павильоннан, 5 сектор мен бөлімдерден тұрады. Алысқа кетпей-ақ, «Казгуград» қалашығында барлық іспен шұғылдануға, білім алуға, іс-шараларға белсенді ат салысуға, спортпен шұғылдануға болады. Көркіне көз тоймайтын қалашықтың қазақ даласында бой көтеріп, студенттердің игілігіне жарауы мені қатты қуантады. 

Университет–Қазақстандағы білім мен ғылымның қарашаңырағы. ҚазҰУ-дың қабырғасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан сынды аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері студенттерге дәріс оқыған. Оқу орнын бітірген түлектер өмірде өз орнын тауып, еліміздің экономикасы мен мәдениетін гүлдендіруде үлестерін қосуда. З.Қабдолов–ҚазҰУ-дың  атақты түлектерінің бірі ғана емес, осы білім ордасында елу жылдан астам уақыт ғылыми жұмыстар жүргізген Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдеби кафедрасын басқарып, ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен. Осы Қарашаңырақтан білім алып шыққан қазақтың атақты түлектері–Т.Молдағалиев, Қ.Мырза Әлі, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Нұршайықов, Д.Исабеков, О.Сүлейменов т.с.с. әрқайсы–бір-бір шежіре, әрқайсы–бір-бір қазына. ҚазҰУ-дың тарихын тереңінен қазбалай түссек, ғасыр қойнауындағы талай- Осы Қарашаңырақтан білім алып шыққан қазақтың әйгілі тұлғалалары З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, А.Хайдарқызы, Д.Исабеков, Ұ.Есдәулет,  Қ.Мәми, Ж.Ерман, Ш.Паттеев т.б. талай таныс-бейтаныс ақпараттармен бетпе-бет келетініміз сөзсіз. 

Ендігі кезекте журналистика факультеті жайында сөз өрбітсек.  Журналистика факультетінде студенттердің практика жүзінде білімдерін жетілдіруіне  бар мүмкіндіктер қарастырылған. М.Барманқұлов атындағы телестудияда студенттердің барлығы дерлік жалпы журналисттің білуі керек міндеттерін толық меңгеріп шығады, жаңалықтар топтамасын әзірлеу, эфирлік бағдарламаны жоспарлау, кадр сыртындағы мәтінді оқу, эфирге шығу сынды т.б. тәжірибеден өтеді. Студенттердің жасаған жобалары мен жаңалықтар қызметі, сұхбаттар «Әл-Фараби» арнасы мен «Әл-Фараби» радиосы арқылы қалашықтағы студенттерге таратылады. Университеттің газеті және «Әл-Фараби» философиялық-саясаттанулық және рухани-танымдық журналы жарық көреді. «Әл-Фараби» журналы 2003 жылдың қаңтарынан бастап шығарылады, басылым тілдері–қазақ, орыс, ағылшын тілдері.

Биыл Әл-Фараби атындағы оқу орнының құрылғанына 85 жыл толды. Осы орайда алғашқы мерекелік шара ұмытылмастай қызықты өтті. 7 мыңнан астам студент «Мәңгілік ел қақпасы» алдына жиналып, флешмоб өткізді, «ҚазҰУ 85» деген жазуды сап құрап жазды. Күні кеше мен таңдаған университетте әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дың рөлі мен рейтингі нәтижесінде, QS «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбында өткізілген QS World Wide халықаралық форумы өз жұмысын аяқтады. 

Әлбетте, еліміздегі жетекші орында тұрған білім ордасының келешегі кемел, болашағы жарқын болары айдан анық. Менің тағдырым өз қолымда! Менің таңдауым–нақты, мақсатым–айқын.  Асқақ арманға жету жолында кездескен қиындықтардан сүрінбей өтіп, биік асуларды бағындырамын! 

 

Айсұлу Съезхан,

Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы,

Қаскелең қаласы,

Алматы облысы.

Ғылыми-жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы

Пікірлер