Қазақстан Үкіметі атом электр станциясының (АЭС) бірінші блогын сегіз жыл ішінде іске қосу мақсатында құрылысқа жауапты компаниялардан құрылыс мерзімін жеделдетуді талап етпек. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Егер айтарлықтай қауіп-қатерлер болмаса, АЭС-тің бірінші блогын салуға шамамен 10-12 жыл уақыт кетеді», - деді министр.
Дегенмен, Сәтқалиевтің айтуынша, технологиялар дамып келеді және түрлі ядролық технологияларды қайталау тәжірибесі бар.
«Тіпті халықаралық орташа мерзімдерге сүйенсек, біз ресми вендорлармен уақытты жеделдету мүмкіндігін талқылаймыз. Яғни, біз бірінші блокты сегіз жыл ішінде, тіпті одан да ертерек іске қосуды көздеп отырмыз», – деді министр.
Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеге сәйкес, АЭС салуға орташа есеппен 10-12 жыл кетеді. Ал оның ішінде тек жобалауға 2-3 жыл қажет.