Таразда «Елдік елге байланысты» атты форум өтті

2664
Adyrna.kz Telegram

Тараз қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Елдік елге байланысты» атты форумы өтті. Шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов,  ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, билер кеңесінің мүшелері, ұлттық мәдени орталықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, оқытушылар мен жастарқатысты.

Облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепбергеннің айтуынша, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау өте маңызды. Сондай-ақ ол этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік, бірлік пен ынтымақ, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатына негізделген форумның берері мол екенін тілге тиек етті.

Ал, Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Күлекеев форумның маңыздылығын атап өтіп, ысырапшылдыққа арнайы тоқталды.

«Шыны керек соңғы кезде қоғамдағы кертартпалық пен ысырапшылық туралы бір тоқтамға келуіміз керек секілді. Өйткені бүгінгі тойлардағы, өлім-жітімдегі ысырапшылдық пен бей-берекетсізді бірізділікке түсіру керек. Қазақ халқы бірліктің орны мен маңызын жоғары бағалап, «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Бақыт – бірлікте, байлық – еңбекте» деп түйген. Сондықтан да, ел тізгінін қолына ұстаған ардақты адамдар – хандар, билер, аузы дуалы ақсақалдар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалдың жолына тосқауыл қоярда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса назар аударған», – деді Б.Күлекеев.

Сондай-ақ, тойханаларға салық салу, жастардың тәрбиесіне ерекше назар аудару туралы ойларымен бөлісті. Басқосу барысында өзге де сөз алған ақсақалдар мен ел ағалары қоғамдағы түйіткілді мәселелер, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың уақыт ағымымен өзгеруі, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзектілігі хақында айтып өтті.

Форумды қорытындылаған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов көтерілген мәселелер тоғысында облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге шақырып, қатысушылар тарапынан Үндеу жолдады.

«Жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай «ғұрыптардан» құтылатын кезең келді. «Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің тамырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы білімді ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс», – делінген үндеуде.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары осы бағытта насихат жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін арнайы заң бекіту керектігі айтылған.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер