Әскерде комаға түскен Ербаян Мұхтар Түркияда алғашқы емін аяқтап, елге қайтты

944
Adyrna.kz Telegram
Фото: Instagram-дағы erbayan2024 парақшасынан
Фото: Instagram-дағы erbayan2024 парақшасынан

Әскерде жұмбақ жағдайда басы жарылып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтар Түркияда алғашқы емдеу кезеңін аяқтап, Қазақстанға қайтты. Бұл туралы құқық қорғаушы Инга Иманбай өзінің Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Ербаянның басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып, екінші кезең – реабилитацияны бастайды. Жуырда Ербаянның ата-анасы бірінші кезеңдегі емге кеткен қаржы бойынша есеп береді", – деді Инга Иманбай желідегі парақшасында.

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді.

Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

Ербаян Мұхтарды Түркияға қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен жеткізілді. Сарбаз Ыстанбұлға аман-есен жетіп, “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылған. Ол дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр.

Пікірлер