Қазақстандық сумошы Жапонияда тарихи жеңіске қол жеткізді

1978
Adyrna.kz Telegram
Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

Қазақстандық кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұл (Кимбодзан Харуки) Жапонияның Токио қаласында өткен Хацу басё 2025 турнирінде үшінші орынға ие болып, ел тарихындағы маңызды жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бұл жеңісі арқылы Кимбодзан қазақстандық сумо жанкүйерлерінің мақтанышына айналды.

Турнирдің негізгі кезеңі аяқталған соң, үш балуан — қазақстандық Кимбодзан Харуки, моңғол Хосёрю Томокацу және жапондық Охо Коносукэ бірдей нәтиже көрсетті. Чемпионды анықтау үшін қосымша раунд (Tomoe-sen) ұйымдастырылды. Бұл раундта балуан қарсыластардың әрқайсысын екі рет жеңуі тиіс болатын. Алғашқы жекпе-жекте Хосёрю Кимбодзанды жеңсе, келесі кездесуінде жапондық Охо балуанды да жеңіп, турнир чемпионы атанды. Нәтижесінде, Охо екінші орынға, ал Кимбодзан үшінші орынға ие болды.

Шешуші күнге дейін Кимбодзан 12 жеңіс және 2 жеңіліспен көш бастап тұрған болатын. Алайда соңғы кездесуде жапон балуаны Охо Коносукэге есе жіберді. Сол уақытта Хосёрю да жеңіске жетіп, нәтижесінде үш балуан бірдей нәтиже көрсетіп, қосымша мини-турнир өткізілді.

Кимбодзан – кәсіби сумо тарихында мұндай деңгейге жеткен алғашқы қазақстандық балуан. Оның шыдамдылығы мен техникасы жанкүйерлер мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Ерсін Балтағұл алдағы уақытта чемпиондық атақ үшін қайтадан күреседі деген сенім бар.

Пікірлер