Зеленский Ресеймен келіссөз шарттарын атады

1011
Adyrna.kz Telegram
Фото: president.gov.ua
Фото: president.gov.ua

Украина президенті Владимир Зеленский Киев Мәскеумен соғысты аяқтау туралы тікелей келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты. Оның айтуынша, бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынған жағдайда мүмкін болады. Бұл туралы ол Bloomberg агенттігіне 22 қаңтарда берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Егер президент Трамп Украинаға бұл күшті және қайтарымсыз қауіпсіздікті қамтамасыз ете алса, біз дипломатиялық жолмен жүре бастаймыз. Мен Ресейсіз бұл соғысты дипломатиялық жолмен аяқтау мүмкін емес екенін түсінемін», – деді Зеленский.

Ол Украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігінің кепілі - НАТО-ға мүше болу немесе АҚШ-тың қатысуымен Батыс бітімгершілік күштерінің болуы, деп есептейді.

Зеленский Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін Ресейдің қайта қарулануы мен жаңа әскери агрессияның алдын алу қажеттігін айтты. Оның сөздеріне қарағанда, ең қауіпті сценарий – Ресей президенті Владимир Путиннің соғысты қайта бастауға мүмкіндік беретін жағдайы.

«Ол Трампқа көп нәрсе уәде етеді, тіпті онымен кездесуге барар алдында да көптеген қадамға барады», – деп ескертті ол.

Сондай-ақ, Зеленский Ресей әскерінің, кем дегенде, 2022 жылдың ақпанында басталған толықмасштабты басып кіру кезеңінен бұрынғы шекараға дейін шегінген жағдайда ғана келіссөздерді бастау әділ болатынын айтты.

Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда екі күн бұрын Зеленский, Ресеймен әскери қақтығысты реттеу аясында Украинаға кем дегенде 200 мың еуропалық бітімгерлер контингентін жіберу қажеттігін айтты.

Бұған дейін Зеленский Ресейді әскери агрессияны тоқтатуға мәжбүрлеу үшін өз «жеңіс жоспарын» орындауды талап еткен болатын. БАҚ мәліметтеріне қарағанда, бұл жоспар Украинаға НАТО мүшелері үшін қарастырылғандай батыс қауіпсіздік кепілдіктерін беру, сондай-ақ Киевке жаңа әскери және қаржылық көмек пакеттерін бөлуді талап етеді.

Өз кезегінде Кремль Украина Қарулы Күштерінің Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының басып алынбаған бөліктерінен шығуын, Қырымды Ресей құрамына қосылғанын мойындауды, Украинаға НАТО-ға кіруге тыйым салуды, оның ядролық емес мәртебесін растап, Ресейге қарсы барлық санкцияларды алып тастауды талап етеді.

Пікірлер