АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп экс-басшы Джо Байденнің «ақылға қонымсыз» бұйрықтарын жоюға уәде берді. Бұл туралы ол 19 қаңтарда инаугурация алдында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі The Times басылымына сілтеме жасап.
«Мен ант бергеннен кейін Байден әкімшілігінің әрбір радикалды әрі ақылға қонымсыз бұйрығы бірнеше сағат ішінде өз күшін жояды. Елімізде америкалықтарды «бақытты» ететін жаңа заңдар қабылданады»,—деді ол.
Сондай-ақ Трамп 20 қаңтарда АҚШ тарихында жаңа күн басталатынын мәлімдеді.
«Түсте америкалық құлдыраудың төрт жылға созылған шымылдығы жабылады. Біз өркендеу жолындағы жаңа тарауды бастаймыз»,—деп толықтырды басшы.
Айта кетейік, бүгін Дональд Трамп АҚШ-тың 47-президенті қызметіне ресми түрде кіріседі. Басшының ұлықтау рәсіміне АҚШ Мемлекеттік департаментінің TechWomen бағдарламасының түлегі, қазақстандық саясаттанушы Дина Шайхислам да қатысады.