Әуежайда рейсінен кешіккен қыз FlyArystan әуекомпаниясы қызметкеріне қол көтергені анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оқиға 14 қаңтарда болған.
Компанияның баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
2025 жылдың 14 қаңтарында Алматы – Астана бағыты бойынша FS 7057 рейсінің жолаушысы Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan қызметкеріне шабуыл жасаған. Енді жолаушы компанияның «қара тізіміне» енетіні айтылды.
«Жолаушы рейс уақытынан 30 минут бұрын тіркеу бағанына келіп, рейске тіркелгенін растағаннан кейін, тексеру аймағына бағытталды. Алайда жеткіліксіз уақыт қалуына байланысты жолаушы рейске отырғызуға үлгермей қалған. Осы ретте, рейске отырғызу ұшу уақытына 30 минут қалғанда басталатынын және осы уақытта барлық жолаушылардың гейтте болуы қажет екенін еске саламыз.
Осыдан кейін жолаушы тіркеу аймағына қайта оралып, тексеру аймағына бағыт көрсеткен қызметкерге қатысты агрессивті мінез-құлық көрсете бастады. Оқиға барысында ол қызметкердің жеке мобильді телефонын лақтырып, беті мен ішіне соққы жасады және сөзбен қорқытуды жалғастырды. Бұл агрессиялық әрекет бейнекамераларда және куәгерлердің мәлімдемесімен расталған», - делінген хабарламада.