Моңғолиядағы Қазақ саятшылық одағы бүркіттерді құтқару күнін атап өтті

1573
Adyrna.kz Telegram
Фото: МОНЦАМЭ
Фото: МОНЦАМЭ

13 қаңтар күні Баян-Өлгей аймағында жұмыс істейтін Қазақ саятшылық одағы бүркіттерді құтқару күнін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Монцаме агенттігіне сілтеме жасап. 

Бұл күні Ұрғы кешенінде көрме ашылып, кездесу ұйымдастырылды. Оған осы елдегі Қазақ саятшылық одағының төрағасы Б.Бекболат, атқарушы директоры А.Атнай, бүркітшілер А.Тұрғынбек, З.Лұхпан қатысты.

Кездесу барысында бүркіттерді қорғау және көбейту мәселелері, туризмді дамытудағы бүркітшілердің рөлі және олардың әлеуметтік мәселелерін шешу жолдары талқыланды.

Көрмеде бүркітпен аңшылыққа арналған түрлі бұйымдар, фотосуреттер, кітаптар, 250 жылдан астам тарихы бар ескі бүркіт астауы қойылды. Аңшы З.Лұхпан ата-бабасынан мұра болып қалған астауды көрмеге сыйға тартты.

Баян-Өлгей аймағында 170-тен астам бүркітші бар.

Соңғы жылдары Моңғолияда «Бүркіт мерекесі» өткізіліп келеді.

Пікірлер