ЕАЭО кедендік баж салығы өзгеруі мүмкін

258
Adyrna.kz Telegram

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Еуразия экономикалық одағындағы кедендік баж салығы жоғарылауы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әріптестер министрге «Биыл Еуразия экономикалық одағының құрылғанына 10 жыл болды. Аталған одақтың кедендік баж салығының 84 пайызы Ресейге, ал 7 пайызы Қазақстанға тиесілі. Алдағы уақытта осы жүйе өзгере ме? Яғни 7 пайыздан 15-20 пайызға арттыру жоспарда бар ма? Экономистер 7 пайыз тым аз екенін айтады?» деген сұрақ қойылды.

Арман Абайұлының айтуынша, бұл мәселе күн тәртібінде тұр.

«Өткен жылы Еуразия экономикалық одақтың жұмыс тобында бірнеше талқылау өтті. Методология жағынан кедендік баж салығын арттыруға байланысты 2-3 нұсқа бар. Бірақ 15 немесе 20 пайызға көтереміз деп нақты айта алмаймын. Өткен жылы үкімет деңгейінде үкіметаралық отырыс өтіп, коллегияның жауапты мүшесі баяндама жасады. Бұл мәселе біздің жоспарымызда бар. Себебі әлемдегі геосаясат өзгерді және сауда жағынан өзгерістер болып жатыр», – деді ол.

Журналист қосымша «Кедендік баж салығы қанша пайызға көтерілуі мүмкін? Нақты қай уақытта өгереді? Биыл ма, келер жылы ма, жоқ әлде бұл сөз күйінде қала ма?» деп сұрақ қойды.

Министр бұл мәселе жәй сөз болып қалмайтынына сендірді.

«Бұл мәселе күн тәртібінде тұр және оған байланысты бір шешім қабылданатын болады. Қазіргі 6,99 пайыздың қаншалықты жоғарылайтыны методология байланысты болмақ. Аталған методология кедендік баж салығын 8 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік береді. Екінші методология ЖІӨ және үшінші  кедендік баждарға байланысты болмақ. Осы жылдың аяғына дейін ақпарат болады», – деді ол.

Пікірлер