Қытайлық археологтер ескі қорымнан сексеннен астам жылқының денесін тапты

230
Adyrna.kz Telegram
Фото: CCTV
Фото: CCTV

Қытайлық археологтер Цзяньцзяпо қорымындағы №1 молаға (M1) және оған жапсарлас ор мен шұңқырларға қазба жұмыстарын жүргізу кезінде құрбандыққа шалынған жылқылардың сүйегін және ат әбзелдерін тапты. Бұл туралы Қытайдың Орталық телеарнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Ақпаратқа сәйкес, Цзяньцзяпо қорымы Қытайдың Құмыл қаласының Нарынкер қазақ ауылының аумағында жатыр. Ол осы аймақтан табылған және б.з.д. III ғасыр мен I ғасыр аралығына тән деп ұйғарылған ең үлкен, құрылымы жете анықталған және ең жақсы сақталған қорым саналады.

Солтүстік-батыс Қытай университеті Мәдени мұралар институтының доценті Си Тунюаньның айтуынша, археологтар қорымның оңтүстік бөлігіндегі құрбандыққа шалынған жануарлардың денесі көмілген 6 шұңқырды арылта тазартқан. Нәтижесінде олардың төртеуінің әрқайсысынан аз дегенде 20 жылқының мүрдесі табылған.

«Шұңқырлардың көлемі үлкен, құрылымы күрделі. Орта қатарда екі шұңқыр бар, оң жақтағы шұңқырға жылқышының денесі жерленген, ал сол жақтағы екі қабатты платформадан құрбандыққа шалынған 20 жылқының қаңқасы қазып алынды. Сондай-ақ табылған алтын, темір, сүйек бұйымдардың саны аз емес, біздің ойымызша, бұл мола иесінің ат үстінде өткен өмірі мен тірідегі сән-салтанатының айғағы болу керек. Шығыс қатардағы екі шұңқырдан сәйкесінше 21 және 24 жылқының мүрдесі анықталды, бірақ ат әбзелдері өте аз, бұлар мола иесіне ас болсын деп шалынған құрбандықтар болуы ықтимал», - дейді археолог.

Құрбандыққа шалынған жылқының барлығы дерлік 10 жастан асқан ат-айғырлар. Жалпы, құрбандыққа шалынған малдың түрі мен саны белгілі бір тәртіпке сай екені байқалады. Ақыреттік бұйымдардың дені ат әбзелдері. Сонымен қатар, кей шұңқырға адам мен жылқы немесе түйе аралас көмілген. Олар мола иесінің қызметінде болған бақташы құлдар болуы мүмкін.

Аталған қорымға қазба жұмыстары 2022 жылы басталды. Үш жыл бойы үзілмеген іргелі зерттеудің нәтижесінде археологтар ескі қорымның негізгі мола мен қосымша шұңқырлардан, уақытша баспана мен тас өңдейтін шеберхананың орнынан құралғанын анықтады.

Мамандар бұл жаңалық Шығыс Тянь-Шань өңіріндегі ежелгі көшпенділердің өзгеше жерлеу рәсімін зерттеп білуде маңызды мәнге ие екенін айтады.

Пікірлер