Қазақ-британ техникалық университетінің студенттері ғимараттағы өрттен кейін онлайн оқуға көшті. Бұл туралы бүгін ЖОО-ның баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Ғимараттың өртке қарсы қорғаныс жүйелері дер кезінде қосылып, өрттің таралуына жол бермеді және шығынды барынша азайтты. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.Оқиғаға байланысты оқу процесі 20 қаңтарға дейін уақытша онлайн форматқа көшірілді»,—делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, кеше түнде Алматыда ҚБТУ ғимараты өртеніп жатқанын жазған едік. Өрт орнында жедел штаб құрылып, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінен 78 өрт сөндіруші мен 28 техника жұмылдырылды.