Чехияның солтүстік-батысындағы Мост қаласындағы мейрамханада болған өрт салдарынан алты адам қаза тауып, сегіз адам күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Шамамен 30 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Euronews-ке сілтеме жасап.
Полиция мен өрт сөндірушілер оқиғаның себебі газ жылытқышының жарылуы екенін мәлімдеді.
"Өрт түн ортасында басталды, мейрамхана әлі ашық болған. Оны ауыздықтау үшін 60-тан астам өрт сөндіруші бірнеше сағат жұмыс істеді", – делінген хабарламада.
Deutsche Welle агенттігі AFP-ге сілтеме жасап, өрттің мейрамхананың ағаш террасасында басталғанын хабарлады. Жалын тез арада бүкіл ғимаратты шарпыған. Алғашқы өрт сөндірушілер келгенде, мейрамхана толықтай отқа оранған.
Өртпен күрес бір сағаттан астам уақытқа созылған. Түнгі 01:00-ден кейін өртті локализациялау мүмкін болған. Оқиға орнынан алты адамның мәйіті табылды. Тағы сегіз адам түрлі дәрежедегі күйікпен Прага, Мост және Усти-над-Лабем қалаларындағы ауруханаларға жеткізілді.
Сондай-ақ, көршілес көпқабатты үйден шамамен 30 адам эвакуацияланғаны айтылды.
Ішкі істер министрі Вит Ракушан жексенбі күні оқиға орнына барды.
Мост қаласының мэрі Марек Хрвол бұл жағдайды қаланың жаңа тарихындағы ең қайғылы оқиға деп атады.