Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты аясында
«Адам- табиғат перзенті» деп данышпан Абай айтқандай барша халық табиғат аясында өмір сүреді. Ауа жұтады, су ішеді, күн көзінен қуат алады. Соған қарамастан, соңғы жылдар аумағындағы күрделі экологиялық проблемалар адамдардың «табиғатты аялайық, көздің қарашығындай сақтайық!» деген ұғымдағы ізгі көзқарастан алшақтап, күнделікті қауырт тіршілік аясында керісінше, табиғаттан іргесін аулақ салып, тіпті, кейбір тұстарда қарсы әрекетке жол беретін жағдайлар қалыпты құбылысқа айналып барады. Соның салдарынан, аяулы арман қала Алматыдағы ауаның ластануынан бастап, орын алған қаншама кері процесстердің бетін қайтарып, адамзат пен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтау кезек күттірмейтін келелі мәселеге айналғаны – ащы шындық. Сондықтан да мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы – Қазақстан халқын ізгілікке бағыттап, жақсылыққа жол ашудың бірден-бір шарты.
«Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне болуға тиіс. Бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді. Осының өзі азаматтарымыздың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетті. Сондықтан, түптің түбінде, «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс» деген республика президентінің ұстанымы - ұлт келешегі үшін ұмтылыстың өткір өзегі.
«Таза Қазақстан» идеясы – «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген намысшыл қазақтың ішкі ізгілігін оятатын, үлкенге де, кішіге де ой салатын, сөйтіп, бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаны берекесін қашырмай, керісінше, жапырағын жайқалтып, тамырын нәрлендіріп, келешек ұрпақтың игілігіне аманат ету жолындағы креативті құбылыс. Біз мектепте оқып жүргенде «Жас натуралист» деген билетіміз болатын. Кімде-кім жапырақты жұлса, гүлді үзсе бірден билетімізді көрсетіп, сол үшін ескерту жасап, келесі жолы қатаң шара қолданатынын айтушы едік. Бұл акция – сол жақсы дәстүрдің жалғасы. Демек, табиғаттың қадірін біліп, құнын түсінген еліміздің әрбір азаматы, айналасындағы адамдардың жандүниесіне жылу сыйлап, өзін қоршаған ортадан рухани нәр алуға әрдайым ашық болады. Сондықтан, «Таза Қазақстан» бастамасы күнделікті өмірдің қалыпты ырғағына ұласуы тиіс.
Әбдіжәділқызы Жидегүл
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті