Ішкі істер министрлігі Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қозғалған қылмыстық істің мән-жайын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Informburo.kz порталына сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, Қаржаубай Нұрымов қоғамдық орында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін ұсталған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасау қаупі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс одан әрі тергеу үшін Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберілді.
Бұған дейін облыстық полиция департаменті Нұрымовқа қатысты бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтіру фактісі бойынша іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. 10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында болған оқиға барысында бір азаматқа материалдық шығын келгені анықталды. Бұл әрекет әкімшілік жауапкершілік шегінен асып, қылмыстық іс қозғауға негіз болды.
Еске сала кетейік, Талғарда орын алған жаппай төбелес салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оқиғадан кейін Шерзаттың отбасы ауыр қайғылы жағдайларға тап болды: олардың үйі белгісіз біреулер тарапынан өртеліп, кейін Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылған.
Қаржаубай Нұрымов 9 желтоқсанда журналистерді шақырып, наразылығын білдіріп, қолына пышақ алып, өзіне қол жұмсайтынын айтқан соң ұсталды. Ол “бұзақылық” бабы бойынша 15 тәулікке қамауға алынған болатын.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр, ал істің мән-жайы қосымша тергеу нәтижесінде нақтыланатын болады.