Екіұшты жауап. Тоқаев Назарбаевтың былтыр Путинмен 2 рет кездескенін айтты

605
Adyrna.kz Telegram
Фото: Айдос Үкібай
Фото: Айдос Үкібай

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесу өткізуі қоғамда түрлі пікір туғызды. ҚР қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында кездесу туралы ойын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Алты жыл бұрын биліктен кеткен саясаткердің өзге елдің президентімен кездесу өткізуін кейбір сарапшылар теріс бағалады. Сонымен қатар, бұл кездесу Қазақстанда президент сайлауы өтеді деген болжамдардың тарауына да себеп болған.

Сұхбат барысында: “Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Би­ліктен кеткеннен кейін бес жыл­дан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсе”, - делінген сауал қойылды.

“Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды”, - деп жауап берді Президент Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, 14 желтоқсан күні Кремль Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің Ресейдегі президенттік резиденцияда бір күн бұрын кездесу өткізгенін хабарлады. 

Одан бөлек, Президенттің осыдан бір жыл бұрын да, 2024 жылы 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланған. Сонда Президент ішкі және сыртқы саясат, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, атом электр станцияларының құрылысы және басқа да тақырыптар туралы сұрақтарға жауап берген еді.

Пікірлер