Украина ресми түрде Ресей газын транзиттеуді тоқтатқанын растады

571
Adyrna.kz Telegram
фото: қазақпарат
фото: қазақпарат

Украина энергетика министрлігі ресейлік газды Еуропаға тасымалдау 1 қаңтар таңында жоспарланғандай тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында сағат 07:00-де Ресей табиғи газын Украина аумағы арқылы тасымалдау тоқтатылды. Бұл туралы шетелдік серіктестерге белгіленген тәртіппен хабарланды», – делінген министрліктің мәлімдемесінде.

«Ресейлік газ транзитін тоқтаттық – бұл тарихи оқиға. Ресей нарықтарын жоғалтып, қаржылық шығындарға ұшырайды», – деп мәлімдеді министр Герман Галущенко министрліктің баспасөз қызметі арқылы.

Ол сонымен қатар: «Еуропа Ресей газынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Repower EU еуропалық бастамасы дәл бүгін Украина жасаған қадамды қарастырады», – деп толықтырды.

Ресей газын Украина аумағы арқылы транзиттеу келісімдері 2019 жылдың соңында, Ресейдің ауқымды шабуылы басталғанға дейін жасалған болатын. Биылғы Жаңа жыл түні келісімдердің мерзімі аяқталып, Украина оларды ұзартудан бас тартты.

Бүл туралы Ресейлік «Газпром» компаниясы Telegram-арнасында жазды.

«Мәскеу уақытымен таңғы 8:00-ден бастап Ресей газы Украина аумағы арқылы тасымалдауға жеткізілмейді. Украин тарапынан бұл келісімдерді ұзартудан бірнеше рет және ашық түрде бас тартылғандықтан, «Газпром» Украина арқылы транзитке газ жеткізудің техникалық және заңды мүмкіндігінен айырылды», – делінген хабарламада.

EADaily мәліметтері бойынша, 2024 жылы «Газпром» осы маршрут арқылы шамамен 15 миллиард текше метр газ жеткізген, бұл ЕО-дағы жалпы газ тұтынудың 4,5 пайызына тең.

Енді еуропалық елдер үшін Ресейдің газ құбырымен тасымалданатын жалғыз көзі «Түрік ағыны» арқылы жеткізілетін «Балқан ағыны» болып қала береді. Жыл сайын шамамен 14-15 миллиард текше метр газ Румыния, Грекия, Солтүстік Македония, Сербия, Босния және Герцеговина, Венгрия елдеріне жеткізіледі.

Пікірлер