Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің шешімі Путинді тығырыққа тіреді. Бұл туралы Түркияның Haber Global телеарнасы AZAL жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы туралы дайындаған репортажында айтылған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Haber Global телеарнасы дайындаған материалда Путиннің Әзербайжаннан кешірім сұрауға мәжбүр болғаны, ал келесі күні президент Ильхам Әлиевтің Әзербайжан тарапының әділ талаптарын баяндағаны атап өтілген.
Сюжетте Әзербайжан мемлекеті басшысының Ресей тарапы ұшақпен болған оқиғадан кейін бірден жауапкершілікті өз мойнына алмағандығы, ал Ресей Федерациясындағы кейбір топтар тіпті әртүрлі сценарийлер ұсынғаны туралы мәлімдемелеріне баса назар аударылған.
Сондай-ақ, әуе апатын 17 халықаралық сарапшыдан тұратын топ тергеп жатқандығы айтылған.
Еске салсақ, 25 желтоқсан күні Әзербайжанның «Әзербайжан әуе жолдары» компаниясының Embraer Е 190 ұшағы Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Ұшақтың бортында 67 адам болған, оның 38-і қаза тапты.