30 желтоқсанда Оңтүстік кореялық Jeju Air әуе компаниясының ұшағы ішкі рейс орындау кезінде ұшып шыққан әуежайына қайта оралды. Оған шассидегі ақау себеп болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ұшқыштар 7C101 рейсін шұғыл түрде Чеджудің халықаралық әуежайына қондырған. Ұшақ бортында 161 жолаушы болған. Әуе компаниясының мәліметінше, рейс басқа ұшақпен орындалады.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Ұшақта 175 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Әуе көлігіне мінген 181 адамның арасынан екі кісі ғана тірі қалды. Қайғылы оқиғадан кейін елде 7 күндік аза тұту күні жарияланды.
Jeju Air компаниясы 2006 жылдан бері қызмет етеді. Бірақ компания тарихында бұндай өте ауыр оқиға болмаған.