«Қару түрін тергеу анықтайды». Әзербайжан министрі ұшақ апатына сырттан соққының себеп болғанын айтты

480
Adyrna.kz Telegram
Фото: caliber.az
Фото: caliber.az

2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағының қираған бөліктері мен куәгерлердің мәліметтері сыртқы ықпал болғанын меңзейді. Бұл туралы Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Report-қа сілтеп.

Министрдің айтуынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасымен апаттан кейін арнайы комиссия құрылып, оның мүшелері Ақтау қаласына барып, апаттың себептерін және зардап шеккендердің жағдайын мұқият зерттеген. Комиссия оқиға орнын қарап, Әзербайжан мен басқа елдердің жарақат алған азаматтарымен кездесті.

Рашад Набиевтің айтуынша, жолаушылар мен тірі қалған бортсеріктер ұшақ Грозный қаласының үстінде болған кезде жарылыс дыбысын естігенін хабарлаған.

"Бортсеріктердің бірі қолынан жарақат алды. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та жарияланған суреттерден бір әйелдің қолы мен аяғынан жарақат алғанын көруге болады. Ұшақтың қанатынан тесік анықталды, ал фюзеляждан жарылғыш заттың сынықтары қалдырған іздер табылды. Ресей азаматтары да Грозныйдың үстінде үш жарылыс болғанын, жарылыстар сырттан шыққанын және сол кезде бір заттың ұшаққа соғылғанын айтты", – деді министр.

Министр баспасөзде апаттың себебі ретінде құстармен соқтығысу болжамы айтылғанын, алайда алдын ала сараптама нәтижелері сыртқы ықпалдың болғанын көрсететінін атап өтті.

"Ұшақ сынықтарының жердегі көрінісі мен куәгерлердің айтқандары бұл болжамды растайды. Қолданылған қарудың түрін тергеу анықтайды", – деді ол.

Министр ұшақ бағытының Махачқала арқылы Ақтауға өзгергенін де атап өтті. Сонымен қатар, пилоттың апатты қону туралы шешім қабылдау себебі мен ұшақтағы GPS құрылғысының өшірілу жағдайы анықталды.

Рашад Набиев экипаждың батырлығын жоғары бағалады.

"Экипаждың кәсіби және ерлікпен әрекет етуі арқасында көптеген жолаушының өмірі сақталды. Әзербайжан халықаралық сарапшыларды тергеу процесіне тартып, онымен тығыз байланыс орнатты", – деді ол.

Министрдің айтуынша, Embraer компаниясының екі маманы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, ал ертең тергеуге Бразилиядан келген сарапшылар қосылады.

Қазақстандық шенеуніктер Ростовтағы диспетчер ұсынған оттегі баллонының жарылуы туралы нұсқаны алға тартты.

"Бұл ақпаратты тексеру қажет деп санаймыз, өйткені ол мүдделі тараптан алынған. Сонымен бірге, сыртқы жарылыс дыбыстары бұл нұсқаны жоққа шығарады", – деді министр.

25 желтоқсанда Баку–Грозный бағытымен ұшқан Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Ұшақта 62 жолаушы болған, оның ішінде 37 Әзербайжан, 16 Ресей, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты, 29-ы тірі қалды.

Пікірлер