Құлаған ұшақты Ресей атқан ба? - АҚШ және Әзербайжан ресмилерінің уәжі

317
Adyrna.kz Telegram
Фото: AFP
Фото: AFP

Azerbaijan Airlines авиажелісінің Ақтауда апатқа ұшыраған ұшағы туралы жаңа деректер шыға бастады. АҚШ-тағы және Әзербайжандағы шенеуніктер апатты Ресейдің әуе шабуылына қарсы жүйесінің әрекетімен байланыстырған. 

Бұл туралы халықаралық БАҚ мәліметтеріне сүйеніп «Америка даусы» радиосы хабарлаған

ШЕНЕУНІКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Reuters CBS News арнасына бейсенбі күні Американың аты-жөнін атамауды өтінген шенеунігі ұшақтың Ресей әуе шабуылына қарсы жүйесінің нысанасына алынған туралы белгілер бар екенін айтқан.

Қазақстан премьерінің орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақты Ресей әуе шабуылына қарсы жүйесі атып түсіргенін не растай алмайтынын, не жоққа да шығара алмайтынын мәлімдеген.

«Ұшақ құспен соқтығысқан ба әлде ішінде жарылыс болды ма, ол қорытынды шыққанда ғана белгілі болады. Біз Әзербайжандағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бізге әлі ешкім нақты нұсқасын айтқан жоқ, ресми түрде біз Ресейден де, Әзербайжаннан да ешқандай нұсқаны алған жоқпыз. Дәл қазір ресми нұсқа жоқ. Сондықтан біз қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймыз, - деген Қанат Бозымбаев Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында. 

Бейсенбі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әуе қорғаныс жүйелері ұшақты атып түсірді деген мәлімдемеге қатысты сұраққа «тергеушілердің қорытындысын күтпей, болжам жасау дұрыс емес» деп жауап берді.

«ЕШКІМ МҰНЫ ӘДЕЙІ ІСТЕДІ ДЕП ОТЫРҒАН ЖОҚ»

Алдын ала тергеу нәтижелері Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына ресейлік зымыран себеп болғанын растағанын хабарлаған. 

Euronews агенттігі эксклюзивті түрде Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сілтеп, 25 желтоқсан, сәрсенбі күні Ақтауда орын алған Azerbaijan Airlines әуе компаниясы ұшағының апатына ресейлік «жер-әуе» зымыраны себеп болғанын растағанын хабарлады. 

Reuters және Euronews агенттіктерінің ұшақ апатын тексерудің алдын-ала қортындысымен таныс төрт дереккөзге сілтеп хабарлауынша, Грозный қаласы үстінде дрондардың белсенділігі байқалған кезде 8432 рейсіне зымыран атылған. Зымыран ұшаққа жақын жерде жарылып, жолаушылар мен экипаж мүшелеріне зақым келтірген.

Euronews өз дереккөздеріне сілтеме жасап, зақымдалған ұшаққа ресейлік әуежайларда қонуға рұқсат берілмегенін, пилоттардың шұғыл қонуға сұрағандарына қарамастан, ұшаққа Каспий теңізі арқылы Қазақстанның Ақтау қаласына ұшуға бұйрық берілгенін хабарлады.

Ал Азаттық радиосы сәрсенбі күні Грозный әуежайының алдымен ұшақ Махачкалаға бағытталғанын, содан кейін ауа райы жағдайына байланысты Ақтауға жіберілгенін хабарлағанын растады.

Reuters агенттігінің дереккөзі «Ешкім мұны біреу әдейі істеді деп отырған жоқ. Алайда деректерді назарға алғанда Баку Ресей тарапы Әзербайжан ұшағын атып түскенін мойындайды деп күтеді» дегенді айтқан. 

Алдын ала деректер бойынша, ұшақтың GPS навигациялық жүйелері теңіз үстінде ұшу кезінде толықтай өшірілген.

Бакудің AnewZ халықаралық басылымы Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, зымыранның «Панцирь-С» әуе қорғаныс зымыран жүйесінен атылған болуы мүмкін екенін хабарлады.

«ӘУЕЖАЙЛАРДЫҢ УАҚЫТША ТОҚТАТЫЛУЫ»

Ресейлік дереккөздердің мәліметінше, Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы Шешенстан аумағынан ұшып өткен кезде, Ресейдің әуе қорғаныс күштері украиналық дрондарды атып түсіруге белсенді әрекет жасап жатқан.

Шешен қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Хамзат Қадыров сәрсенбі күні таңертең Грозныйға дрондар шабуылы болғанын растады. Бірақ құрбандар мен қирандылар болмағанын атап өтті.

Бұған дейін Ұлыбританияда орналасқан Osprey Flight Solutions авиациялық қауіпсіздік компаниясы өз клиенттеріне «Azerbaijan Airlines рейсі Ресейдің әуе қорғаныс жүйесімен атып түсірілуі мүмкін» екенін ескерткен. Osprey бас директоры Эндрю Николсон компанияның Ресейдегі соғыс кезінде дрондарға және әуе қорғаныс жүйелеріне қатысты 200-ден астам ескерту жариялағанын айтты.

Бейсенбі күні Әзербайжанда ұшақ апатынан қаза тапқандарды еске алу мақсатында бүкілұлттық аза тұту күні өтті. Ел бойынша мемлекеттік тулар төмен түсірілді, түскі уақытта қозғалыс тоқтатылды. Ал кемелер мен пойыздар қаза тапқандармен қоштасу белгісі ретінде сигналдар берді.

Embraer компаниясы Associated Press агенттігіне берген мәлімдемесінде барлық тиісті органдарға көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады.

Сәрсенбіде Ресей қорғаныс министрлігі бірнеше аймақтың үстінен Украинаның 59 дронын атып түсірілгенін хабарлаған. Соған орай Ресейдің бірнеше әуежайында ұшу-қону уақытша тоқтатылған. 

ADS-B ұшуды бақылау мәліметтері Ресейдің оңтүстік-батысында ұшақтың GPS жүйесінде кедергі болғанын көрсеткен. 

Бразилия апатты зерттеуге көмектесуге үш өкілін жіберген. Апатқа ұшыраған Embraer ұшағын өндіруші компанияның штаб-пәтері Сан-Хосе дос Кампос (São José dos Campos) қаласында орналасқан. 

Reuters агенттігі Брюсселде НАТО ұйымының апат себебін толық зерттеуге шақырғанын хабарлаған.  

Агенттіктің хабарлауынша, бейсенбі күні Қазақстан басшылығы ұшақ себебі әзірге белгісіз екенін айтқан. 

Ресейдің Азаматтық авиация басқармасы алдын ала ақпаратқа сәйкес, пилоттар құстармен соқтығысқаннан кейін Ақтау бағытына өзгеріс енгізгенін, бұл борттағы төтенше жағдайға алып келгенін мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer-190 ұшағы Әзербайжан астанасы Бакуден Солтүстік Кавказдағы Ресейдің Грозный қаласына бағыт алған еді. Бірақ оның бағыты белгісіз себептермен өзгертілген. Нәтижесінде, ұшақ Ақтау жағалауына жақын жерде, шамамен үш шақырым қашықтықта құлады. 

Әлеуметтік желіде тараған ұялы телефон кадрларынан ұшақтың жерге соғылып, жарылыс болғанға дейін тік құлдырағаны байқалады.

Құтқарушылар ұшақ апатынан аман қалған 29 адамды ауруханаларға жеткізді.

Ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қаза тапты.

 

Пікірлер