«Штрафстан» сұрағын депутаттарға жолдаңыздар - Вице-министр

238
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха "Штрафстан" мәселесіне байланысты сұрақтарды бұл нормаларды қабылдаған депутаттарға жолдауды ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Лепеха сенат дәлізінде сөйлеген сөзінде орташа жылдамдықты асырғаны үшін жүргізілген тексерістер туралы айтты.

"Біз арақашықтықты нақты тексеріп, өлшеу жүргіздік. Бір ай ішінде орташа жылдамдықты асырған 585 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта бұл жүйе тесттік режимде жұмыс істеп тұр және ешқандай айыппұл салынған жоқ," – деді ол.

Журналистер қазақстандықтардың айыппұлдарға байланысты наразылықтарын жеткізгенде, Лепеха бұл мәселенің тым шиеленіскенін айтты.

"Қазіргі күнге дейін орташа жылдамдықты асырғаны үшін ешкім жазаға тартылған жоқ. Трассаларда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан камералар моменттік жылдамдықты өлшейді. Егер жүргізуші рұқсат етілген 140 км/сағ жылдамдықтың орнына 160 км/сағ жылдамдықпен жүрсе, бұған айыппұл салынған, солай жалғаса береді," – деді вице-министр.

Журналистер "Штрафстан" мәселесін алғаш көтерген депутаттардың пікірін еске салғанда, Лепеха жауапкершілік туралы өз пікірін білдірді:

"Депутаттарға сұрақтарыңызды бағыттаңыздар. Менің ойымша, заң бұзған әр адам белгіленген тәртіп бойынша жауапкершілікке тартылуы керек. Егер заңда айыппұл қарастырылса, біздің міндетіміз – оны орындау," – деді ол.

Еске сала кетсек, 4 желтоқсанда "Ақ жол" фракциясының депутаты Азат Перуашев айыппұлдар туралы заңға өзгерістер енгізуге қарсы шығып, "штрафстан" жайында айтқан болатын.

Пікірлер