Ақмола облысында қылмыстық ахуалды тұрақтандыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар жүргізілуде. Бұл шаралар облыс аумағындағы қылмыс деңгейінің төмендеуіне себеп болды. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Утекин брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі 1,5%-ға, ал орташа және жеңіл дәрежедегі қылмыстардың саны 12%-дан астамға төмендеген. Ауыр қылмыстар бойынша да елеулі өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, бопсалау, тонау және ұрлық қылмыстарының саны азайған. Әсіресе, мал ұрлығына қатысты жағдай едәуір жақсарған.
«Кісі өлтіру қылмысына қарсы іс-қимыл жасау бағдарламасы айтарлықтай нәтижелер көрсетті. Кісі өлтіру деректерінің ашылу көрсеткіші 100% болды. Соңғы бес жылда олардың саны екі есеге азайып, 2024 жылы тек 28 оқиға тіркелді. Сонымен қатар, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 25 жыл бойы іздеуде болған аса ауыр қылмыстар жасаған қылмыскер ұсталды», - деді Ақмола облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Утекин.
Интернет алаяқтықтарына қарсы күреске ерекше назар аударылып жатыр, өйткені цифрландыру жағдайында бұл қылмыс түрі өзекті болуда. Биыл осы құқық бұзушылықтардың саны 9,6%-ға төмендеген. 136 құқық бұзушылық ашылып, 317 фишингтік сайт бұғатталды, 188 «дроппер» - ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған адамдар анықталды. 2025 жылдың қаңтарында киберқылмыстармен күресу үшін жаңа басқарма құру жоспарланып отыр, ол осы қылмыстарды анықтау және алдын алу бойынша жұмыс істейтін болады.
Есірткімен күрес саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл жылы 278 есірткі құқық бұзушылығы анықталып, 366 кг-нан астам есірткі тәркіленді, екі есірткі зертханасы жойылды және тоғыз ірі жеткізу арнасы бұзылды. Профилактикалық шараларға да үлкен көңіл бөлінген: 1000-нан астам іс-шара, рейдтер, лекциялар, семинарлар және волонтерлер мен ҮЕҰ қатысуымен акциялар өткізілді.
«Департамент тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға да белсенді жұмыс жүргізуде. Биыл отбасылық тұрмыстық құқық бұзушылық бойынша 450 қылмыстық іс тіркелді, оның 55-і сотқа жіберілді. 130-дан астам зардап шеккен адам, оның ішінде әйелдер мен балалар, дағдарыс орталықтарынан көмек алды», - деп атап өтті спикер.
Жол қауіпсіздігі мәселесі де басымдықты бағыттардың бірі болып қала береді. Жол-көлік оқиғаларының саны 47,5%-ға артқанымен, қаза тапқандардың саны 15,5%-ға азайған. Авариялардың алдын алу үшін 14 ірі іс-шара өткізілді, ал жолдардағы бақылау 85 автоматты жүйе арқылы жүзеге асырылуда.
Қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданған шаралар Ақмола облысындағы полиция жұмысының жоғары тиімділігін дәлелдейді. Бұл бағыттарды әрі қарай нығайту, заманауи технологияларды пайдалану және профилактикалық шараларды кеңейту жоспарлануда