11 жылға сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, жемқорлық пен заң бұзушылықтарды тоқтатуды сұрады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ол мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауы миллиондаған қазақстанды шабыттандырғанын мәлімдеді.
«Әділетті Қазақстан құруға, баршаға тең мүмкіндіктер беретін мемлекет қалыптастыруға деген сенім ұялатты. Жолдауыңыз үлкен резонанс тудырып, соның ішінде бұл хаттың авторы да оның әсерін сезінді»,—деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айтуынша, жемқорлық «Әділетті Қазақстанды» құруға кедергі келтіреді. Ол бірнеше мысал келтіріп, соттардың алаяқтарды қолдап, құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған реформаларға кедергі жасағанын жеткізді.
«2022 жылдың наурыз айына дейін«Информатизация туралы» Заңның 33-1 бабында цифрлық активтердің, биткоиннің айналымы тыйым салынған деп нақты белгіленген. Бірақ Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы Д. С. Айқұлов 2024 жылғы қарашада Арман Бақадамның пайдасына шешім шығарды, ол сотта 2022 жылы биткоин (қамтамасыз етілмеген сандық актив) арқылы жылжымайтын мүлік үшін төлем жасағанын мәлімдеді»,—деп жазды хатта.
Сонымен қатар ол Астана қаласының судьясы А.Кәрімоваға сын айтты. Мұхамедиұлының пікірінше, ол белгілі бір тұлғалардың мүдделерін қолдаған. Сондай-ақ, бұл жемқор топтардың қорқыту әрекеттерін көрсетеді.
«Судья А.Кәрімова С. Қарымсақовтың мүдделерін ашық түрде қолдай отырып, А. Нұрлановтың С. Қарымсақовтан мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешімін жойды»,— деп жазды ол.
Ол Алматы қаласының соты жайлы да айтты.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша «Nomad Land’s» ЖШС иесі А.Ахметов мемлекеттік меншікті қайтару үшін сотқа өтініш бергенде, Алматы қаласының соты керісінше шешім қабылдады, мемлекеттік мүлікті жекеменшікке беру үшін шешім шығарды. Астана қаласы арасындағы қылмыстық істер бойынша сот судьясы Қ.Имашев Қазақстан Республикасы заңдарын және сіздің тапсырмаларыңызды елемей, Қазақстан Республикасының Есеп комитетінің 2019 жылғы желтоқсан айындағы Мемлекеттік аудит туралы қорытындыларына және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2022 жылғы 24 ақпандағы қорытындыларына қайшы келіп, «Алтын адам» бағдарламасы мен басқа бағдарламалар бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ деген шешімге қарамастан, 2024 жылғы 29 ақпандағы сот үкімін жеке кәсіпкер «Тұрсынбек» компаниясының қорытындылары бойынша шығарды, бұл компанияда тек бір адам жұмыс істейді және ол үш күн ішінде қорытынды жасаған. «Тұрсынбек» жеке кәсіпкерлігінің басшысы сотта өз қорытындыларын жасау үшін басқа ЖШС және ЖК-нің деректерін пайдаланғанын мәлімдеді, алайда осы ұйымдардың құжаттары сот ісінде жоқ. Бұл ұйымдардан сұрау салғанда, олар «Тұрсынбек» ЖК-нің қорытындыларына қатысуды жоққа шығарды», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ол президенттен «заңсыздықтарды» тоқтатуды сұрап, Қазақстанның құқықтық жүйесіне деген халықтың сенімін сақтау қажеттігін атап өтеді.
«Сізден заңсыздықты тоқтатып, саясатыңызға қарсы әрекеттерге тосқауыл қоюды сұраймын», — деп сөзін аяқтады Мұхамедиұлы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлының аппеляциялық шағымын сот мақұлдамаған болатын. Оған аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деген айып тағылып, сот жаза мерзімін 11 жылға ұзартты.