«5 млрд теңге бөліп, бірінші болмай-ақ қойдық». Қызылорда әкімі «Қайсар» туралы айтты

936
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қайсар» футбол клубының бюджеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Өңір басшысы футбол клубының әкімдіктен алатын бюджеті жақын уақытта өспейтінін жеткізді.

«Сырттан келген ойыншыларға босқа ақша төлегеннен гөрі тұрғындар пайдалы маңызды жобаларды қолға алғанымыз жөн. Маған да клубтың басшысы келіп, «қаражатты көбейтсек, бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз, бірінші орын аламыз» дейді. Бюджеттен 5 млрд теңге бөліп, бірінші болмай-ақ қойдық дедім. «Қайсар» – бюджеттен ең аз қаражат қарастырылған команда, мен оны мойындаймын. Бюджет жағынан ең төменгі орындарда тұрғанымыз анық. Бірақ сол ақшаны ауылдарда спортты дамытуға бөлгеніміз дұрыс. 80 спорт алаңы салынды. Стадион салынып жатыр. Спорт кешендері салынып жатыр. Біздің мақсат – қалаға көрік беретін ғимараттар емес, қаракөздерімізді тәрбиелейтін, пайдасы тиетін нысандар салу», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында.

Пікірлер