Мектептің жаны – мұғалім

338

«Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» деген Байтұрсынұлы Ахмет атамыздың сөзі өмірін біліммен сабақтастырған әр жанның көкейінде тұрары сөзсіз.

Нағыз білімнің қайнаған ортасы, қара шаңырақ ҚазҰУ-дың табалдырығын аттағанымда, болашағымды тікелей ұстаздықпен байланыстырдым. Енді міне, айқындалған мақсаттың орындалуына аз қалды. Өмірде адам баласы игерген мамандықтар көп болса, ал сол мамандық иелерінің міндетті түрде ұстаздың алдынан білім нәрімен сусындары анық. Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолында мұғалімнің атқарар еңбегі зор. Елбасымыз айтқандай, бәсекеге қабілетті маман дайындау үшін де оның ұстазы мықты болар болса, жетер жетістігі де жемісті болмақ. Әрине, болашақта білімгерлерімнің тек білімді емес, ақылдылығының маңыздылығына баса назар аударғым келеді. Егер еліміздің гүлденуін, өзге мемлекеттерден озық болуын қаласақ, бұл тұрғыда ана тіліміздің маңызы зор екенін естен шығармауымыз қажет. «Адырна ұлттық порталына» берген сұхбатында Дулат Исабеков былай дейді: «...Расымен, ұлт болу үшін, бізге көп дүние керек. Ең бастысы, қазаққа тән дәстүрім, тілім, дінім, ділім болуы керек. Қазақ бәріне қабілетті. «Мен қазақпын!» деп дүрсілдеп соғып тұрған жүрек болса болғаны». Расында да, ұлттық байлықтарымызды сақтай отырып, өзгенің құндылықтарын құрметтей аламыз. Сол себепті, білімге құштар жандардың алдымен өз тілінде сөйлеп, туған елінің өткен тарихымен терең таныс болуын жүйелі бақылау қажет. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», демейді ме Ұлтымыздың жанашыры болған Ахмет атамыз. Бұл мәселені әр мектеп, жоғары оқу орындарында ұстаздар қолға алып, әрі қарай дамытып отырса, елімізде өз жұртына қалтқысыз қызмет етер жанашырларымыз көбейе түсер еді. Ал олардың саны артар болса, біз дамыған 50 мемлекет былай тұрсын, 30 мемлекеттің қатарынан көрінетініміз ғажап емес. Ендеше, менің елім үшін аянып қалмасым анық. Жұртына адал қызмет етер ұрпақ тәрбиелеу тікелей ұстазға да байланысты екендігі даусыз. Ал ұстаздың өз еңбегіне адал болуының өзі үлкен жетістік. Әрине, адалдықпен қоса білім, біліктілік, еңбекқорлық иық тіресе жүретіні тағы бар. Осыған орай, тек ұстаздық міндетімді атқарып қана қоймай, ұлтыма пайдамды еселеп тигізгім келеді. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде ғылыми қызметкер болып қызмет атқарамын. Келушілерге мұражай тарихын ұғындырып, мұнда Ахмет атамыз тұрғанын және оның өшпес еңбектері мен істерін айтудан жалықпаймын. Олардың Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын, ерлік еңбектері жөніндегі деректерді аса қызығушылықпен тыңдағандарын сезініп, ғылымға деген сезімім де күшейе түсті. Қаншалықты жан қиярлықпен халқына қалтқысыз қызмет еткендігін айтып, біздің де еліміз үшін еңбек қылуымызды, бір сөз болсын қазақ тілінде сөйлеуімізді ұғындырғанда, замандастарымның оң ниетін байқап іштей қуанып қалатыным тағы бар. Әрине, заман ағымынан қалмай, өзге тілдерді меңгерген өте дұрыс. Әйтсе де, өз ана тіліңді білмей жатып, өзге тілде сайрап тұрған қазақтығымызға сын. Ахмет атамыз да қазақ-орыс мектебінде оқығанымен, қанына қызмет қылды. Осы орайда Әлихан Бөкейханұлының: «Ұлтына қызмет ету білімнен емес, мінезден»,-деген ойлы сөзі еріксіз еске түседі. Ендеше, мінезді ұрпақтың тәрбиеленуіне біздің де атсалысарымыз айқын. 

       Мектеп қабырғасында оқып жүргенімізде мұның сырын аса ұғына қоймағанымыз анық. Басқасын қойғанда, «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі метонимия, метафора, гипербола, эпос, т.б. сынды халықаралық терминге айналып кеткен сөздерді қазақыландырып, өз тіліміздің де байлығының жететіндігін баса көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының бұл еңбегі аса бағалы. Ендеше, Ұлттың ұстазы болған жанашырымыздың салып кеткен сара жолына неге түспеске? Неге өз құндылығымыз жетіп артылып жатқанда, өзгенің етегіне жармасуымыз тиіс? Әрине, алмасу керек. Дегенмен, өз байлығымыз алдыңғы шепте тұруы қажет. Міне, мені мазалайтыны да осы мәселе. Әр нәрсені алдымен өзімізден бастасақ, айналамызды да икемдей аламыз. Еліміздің гүлденуі аясында осындай қазақылығымызды сақтап, қазақ терімсөзін енгізер болсақ, ұлттың дамуына да зор ықпалын тигізбек. Ал болашақ маман ретінде бұл да менің алдыма қойған мақсаттарымның бірі. 

Иә, болашақ – біздің қолымызда. Бізге сенім артып кеткен кешегі жанашырларымыздың үміттерін адал ақтай білуіміз қажет. Сонда ғана біздің де адалдықпен, ерлікпен жасаған насихат дүниелеріміз халық жадында өшпес мұра болып сақталары анық.

Жансая СМАН

"Адырна" ұлттық  порталы

Пікірлер