Басшысы көп сотталған Оңтүстік Кореяда қазіргі президентіне де айып тағылды

811
Adyrna.kz Telegram
Фото: www.aa.com.tr
Фото: www.aa.com.tr

Оңтүстік Кореяның құқық қорғау органдары президент Юн Сок Ёльге қатысты мемлекеттік сатқындық айыбымен тергеуді бастады. Бұл айыптаулар 3 желтоқсанда елде жарияланған әскери жағдаймен байланысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Yonhap ақпарат агенттігіне сілтеп.

Тергеуді бастауға екі шағым себеп болған. Біріншісі оппозициялық «Кореяның қайта өрлеуі» партиясынан түсті. Ал екіншісі — 59 азаматтық белсендіден құралған топтың арызы.

Шағым берушілер ел президентінен бөлек, бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды да мемлекеттік сатқындыққа қатысы бар деп айыптады. Олар - бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хен, армия штабының басшысы, генерал Пак Ан Су және ішкі істер министрі Ли Сан Мин бар.

Бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хенге тағылған айыптарға байланысты елден шығуға тыйым салынды. Прокуратура оны мемлекетке опасыздық жасағаны және бүлік ұйымдастыруға әрекеттенгені үшін тергеу аясында бақылауға алды.

3 желтоқсанда президент Юн Сок Ёль елдегі саяси шиеленісті негізге ала отырып, әскери жағдай жариялады. Ол оппозициялық топтарды «мемлекетке қарсы әрекеттерге» қатысқан деп айыптады.
Әскери жағдайдың жариялануымен бірге Қорғаныс министрлігі елдің әскери басшылығына арнайы нұсқаулық беріп, жоғары дайындық режимінде болуға шақырды. Әскери бөлімшелердің кейбірі Ұлттық ассамблея ғимаратына кіргізілген.

Әскери жағдайды жариялау парламентте үлкен қарсылық тудырды. Ұлттық ассамблеяның кезектен тыс отырысында депутаттардың көпшілігі әскери жағдайды тоқтатуға дауыс берді. 190 депутат президенттің шешіміне қарсы дауыс беріп, әскери жағдайды жарамсыз деп таныды.

Парламент өкілдері әскери жағдай туралы шешім қабылданғаннан кейін оның заңды күші жойылғанын мәлімдеді.

Парламенттегі қарсылықтан кейін президент Юн Сок Ёль шешімін қайта қарап, шұғыл үкімет отырысын шақырды. Министрлер кабинетінің мақұлдауымен ол әскери жағдайды ресми түрде тоқтатқанын жариялады.

Әскери жағдай жариялануы ел ішінде үлкен толқулар мен наразылықтарға себеп болды. Оппозициялық партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері бұл әрекетті демократиялық қағидаларға қайшы деп сынға алды.

Оңтүстік Кореяда болып жатқан бұл оқиғалар елдегі демократия мен саяси тұрақтылық үшін үлкен сынақ болмақ. Президентке қатысты тергеу және әскери жағдайдың уақытша жариялануы елдегі саяси ландшафттың өзгеру мүмкіндігін көрсетеді. Қазіргі жағдай президент Юн Сок Ёльдің әрі қарайғы саяси мансабы мен елдегі билік құрылымына елеулі әсер етуі мүмкін.

Еске сала кетсек, Оңтүстік Корея - президенттері көп сотталған елдің бірі.  Соңғы 60 жылда Оңтүстік Кореяда сотталмаған, басы саяси дауға ілікпеген президент ретінде елді 2017 -2022 жылдары басқарған Мун Чжэ Иннің ғана аты аталады.

Пікірлер