Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль елде енгізілген төтенше әскери жағдайды алты сағаттан кейін тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC News-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін төтенше жағдайды жою туралы елдің Ұлттық Ассамблеясы дауыс берген еді.
«Ұлттық Ассамблея төтенше жағдайды тоқтатуды талап етті, біз осы операцияларға қатысқан әскери күштерді кері шақырдық. Ұлттық Ассамблеяның талабын қабылдаймыз және төтенше жағдайды министрлер кабинетінің отырысында жоямыз», – деді Юн Сок Ёль телеүндеуінде.
Осыдан кейін министрлер жиналып, төтенше жағдайды жою туралы шешім қабылдады. Әскерилер өз бөлімшелеріне оралды.
Бұған дейін сейсенбі күні кешке жергілікті уақытпен көрсетілген үндеуінде президент төтенше әскери жағдайды енгізуді «коммунистік күштер» мен Солтүстік Кореядан келетін қауіп-қатерлерден конституциялық тәртіпті қорғау үшін қажетті шара деп атады.
Президенттің айтуынша, қауіп тек Солтүстік Кореядан ғана емес, сондай-ақ жергілікті «мемлекетке қарсы элементтерден» де туындайды, сондықтан оларды жою қажет. Алайда президент Солтүстік Кореядан қандай нақты қауіп-қатерлер туындайтынын нақтыламады. Екі ел техникалық тұрғыдан әлі де соғыс жағдайында.
YTN телеарнасының сайтында жарияланған президенттің халыққа үндеу мәтінінде ол оппозицияны мемлекеттік жұмысты тоқтатуға тырысып, негізгі үкімет мүшелері мен шенеуніктерге импичмент жариялауға әрекеттенгені үшін айыптады. Оның айтуынша, жаңа үкімет жұмысын бастағаннан бері Ұлттық Ассамблея 22 мемлекеттік қызметкерге, оның ішінде бірнеше прокурорға, ішкі істер министрі мен қорғаныс министріне импичмент жариялаймыз деп сес көрсеткен.
«Бұл еркін Корея республикасының конституциялық тәртібін аяққа таптап, Конституция мен заңдармен бекітілген заңды мемлекеттік институттарды бұзуға, азаматтық соғыс тудыруға бағытталған анық мемлекетке қарсы әрекет», – деді Юн Сок Ёль. Оның айтуынша, мұндай жағдай әлемнің ешбір елінде, сондай-ақ Оңтүстік Корея тарихында болмаған.
«Біздің Ұлттық Ассамблея қылмыстық топтардың ордасына айналып, елдің сот-әкімшілік жүйесін және заңнамалық диктатура арқылы либералды демократия жүйесін құлатуға тырысуда», – деді ол халыққа үндеуінде.
Әскери жағдайды енгізу шешімімен билеуші партия да, оппозиция да келіспеді. Парламентте көпшілікке ие Оңтүстік Корея Демократиялық партиясының көшбасшысы Ли Чжэ Мен бұл шешімді Конституцияға қайшы деп атады. Ал президенттік «Халық күші» партиясының басшысы Хан Дон Хун оны заңсыз деп атап, бұл шешімді қолдамайтынын мәлімдеді.
Әскери жағдайды сақтау үшін жауапты генерал Пак Ан Судың бұйрығында барлық саяси қызметке, соның ішінде парламент, жергілікті кеңестер, саяси партиялар мен қауымдастықтардың жұмысына, сондай-ақ митингтерге, демонстрацияларға және ереуілдерге тыйым салынғаны айтылған.
Бұйрыққа сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары әскери басқару бақылауына өтеді. Осыған байланысты «жалған жаңалықтар таратуға, қоғамдық пікірмен манипуляция жасауға және жалған үгіт-насихат жүргізуге» тыйым салынды. Бұйрықты бұзушылар қамауға алынып, тұтқындалып, ордерсіз тінту жүргізілуі және жазаланануы мүмкін екендігі көрсетілген.
Оңтүстік Кореяда әскери жағдай соңғы рет 1979 жылы сол кездегі диктатор Пак Чон Хидің өлтірілуінен кейін енгізілген болатын.
Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізілгенін хабарлағаннан кейін елдің Ұлттық Ассамблеясы ғимаратының алдына адамдар жинала бастады. Ғимараттың кіреберісінде полиция қызметкерлері сап түзеп тұрды, ал шатырында әскери тікұшақтар байқалды.
Демократиялық партияның көшбасшысы барлық партия мүшелерін парламентке жиналуға шақырды. Бұл туралы партия депутаты Хон Ки Вон мәлімдеген. Хонның айтуынша, парламент спикері У Вон Сик Ұлттық Ассамблеяға келгеннен кейін әскери жағдайды тоқтату мәселесі бойынша дауыс беруді ұйымдастыруға шақырған.
Бұл уақытта оңтүстік кореялық Yonhap агенттігі тікелей эфирде парламент маңына адамдардың біртіндеп жиналып жатқанын көрсетті. Ғимаратқа тек Ұлттық Ассамблея мүшелері, қызметкерлер және журналистер ғана кіргізілді.
Нәтижесінде, жиналыс залына кіре алған 300 депутаттың 190-ы әскери жағдайды тоқтату туралы шешімге дауыс берді.
Сондай-ақ әскери қызметкерлер Ұлттық Ассамблея ғимаратына кіруге тырысты (кейбірі кіргені туралы да хабарланған), алайда дауыс беру аяқталған соң, олар ғимарат аумағынан шыға бастады.
Би-би-сидің айтуынша, парламент ғимаратының жанында наразылық білдірушілер «Әскери жағдайға жол жоқ», «Диктатураны құлатайық» және «Қақпаларды ашыңдар» деп ұрандатқан. Парламент ғимаратының бас кіреберісінде полиция мен наразылық білдірушілер арасында қақтығыстар болғаны туралы да хабарланды.
Оңтүстік Корея Конституциясына сәйкес, парламенттің көпшілігі талап еткен жағдайда әскери жағдай жойылуы тиіс. Әскерилер түнде президент оны жойғанға дейін бұйрықты орындауды жалғастыратынын мәлімдеді.
New York Times түнгі уақытта Ұлттық Ассамблея маңына жиналған адамдар саны көбейіп, президенттің отставкасын талап еткен ұрандар қаттырақ естіліп жатқанын хабарлады.
Президенттің әскери жағдайды жою туралы келісімін парламент маңында жиналғандар қуанышпен қарсы алды.