Грузияда еуроинтеграцияны қолдаған шерулердің өтіп жатқанына – бесінші күн

290
Adyrna.kz Telegram
Фото: Reuters
Фото: Reuters

Грузияда елдің Еуроодақпен қосылуын қолдайтындар 2 желтоқсан күні бесінші күн қатарынан үкіметтің еуроинтеграция курсынан бас тартуына қарсы наразылық білдірді. Бұл туралы «Кавказский узел» онлайн басылымы мен бірнеше Telegram-каналдар жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Полиция жиналған халыққа қарсы көз жасын ағызатын газ, су атқыштар мен түтін гранаталарын қолданды.

Sovanews онлайн басылымының мәліметінше, наразылықтар тек Тбилисиде ғана емес, сонымен қатар Батуми, Кобулети, Озургети және Грузияның басқа да қалаларында өтуде. DW тілшісінің бағалауы бойынша, Тбилисиде және елдің басқа ірі қалаларында көшеге ондаған мың адам шыққан.

Сонымен қатар, Тбилисиде парламент ғимаратының алдына жналғандар пиротехниканы қолданды. Руставели даңғылында баррикадалар орнатылды. «Эхо Кавказа» мәліметінше, наразылық білдірушілер парламенттің темір қоршауына соққы жасап, кейін су атқыш қолданылған.

«Руставели даңғылындағы наразылық білдірушілердің бейбіт жиналыс шегінен шығып кетті, сондықтан Ішкі істер министрлігі парламент ғимаратының айналасындағы аумақты тазалау үшін заңмен қарастырылған арнайы шараларды қолданатын болады», — делінген Грузия ІІМ 2 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесінде.

Алдыңғы күндерде министрлік Тбилисиде төрт күн ішінде 224 адамды ұстағаны туралы хабарлады.

Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе 2 желтоқсанда баспасөз мәслихатында елдің еуроинтеграциясы «кейінге қалдырылмайды, бірақ бар күшпен жалғасады» деп мәлімдеді. Сонымен қатар саясаткер оппозиция өкілдерімен келіссөздер жүргізу мүмкіндігін жоққа шығарды, деп хабарлайды BBC.

DW тілшісінің байқауынша, билік осындай мәлімдемелер арқылы грузин қоғамын тыныштандыруға тырысып жатыр, бірақ «қазірге дейін бұл наразылықтардың аяқталуы мен нәтижесі белгісіз». Қанша уақытқа созылатыны және неге апаратыны да беймәлім.

Сонымен қатар, Грузия президенті Саломе Зурабишвили түн ортасына жақын X әлеуметтік желісінде ағылшын тілінде мәлімдеме жариялады: «Грузияда халық ресейшіл қуыршақ режиміне қарсы көтеріліп жатыр. Астанадан ең кіші қалаларға дейін — бұл біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қозғалыс. Хабар айқын: менің дауысымды қайтарыңдар! Менің еуропалық болашағымды қайтарыңдар».

Грузияның еуроинтеграциядан бас тартуына қарсы наразылықтар 28 қарашада кешке басталды, сол кезде премьер-министр Ираклий Кобахидзе елдің 2028 жылға дейін Еуропа Одағымен келіссөздер жүргізуден бас тартатынын мәлімдеген еді. Алғашқы күні полиция наразылық білдірушілерді су атқыштармен және көз жасаурататын газбен таратуға тырысты. Бұған жауап ретінде акцияға қатысушылар баррикадалар құрып, парламент ғимаратына фейерверктерден «пулемет» ата бастады.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили алғашқы күні наразылыққа қосылып, кейін мемлекеттің басшысы ретінде елде жаңа парламенттік сайлау өтпейінше орнынан кетпеуге шешім қабылдады. Ол қазіргі парламентті «заңсыз» деп атады. Ал Кобахидзе бұл наразылықтардың зорлық-зомбылыққа әкелуіне Еуропа саясаткерлері мен оппозицияны кінәлі деп мәлімдеді.

Пікірлер