Путин рекордтық әскери шығындармен мемлекеттік бюджетті бекітті

580
Adyrna.kz Telegram

2025 жылы Ресейдің бюджет шығындарының 41%-ы әскери мақсаттарға жұмсалатын болады. Президент Путин үш жылдық бюджет туралы заңға қол қойып, әскери шығындарды 25%-ға арттырмақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.

Ресей президенті Владимир Путин 2025-2027 жылдар аралығындағы мемлекеттік бюджет туралы заңға қол қойды. 1 желтоқсанда құқықтық ақпарат порталында жарияланған құжат Ресейдің жаңа тарихындағы әскери шығындардың рекордтық деңгейге жеткенін көрсетеді.

2025 жылы "Ұлттық қорғаныс" бабы бойынша шығындар 13,5 триллион рубльді (Ресей ЖІӨ-нің 6,31%-ы және ел шығындарының 41%-ы) құрайды. Бұл 2024 жылмен  салыстырғанда шамамен 25%-ға көп. Келесі жылдары әскери шығындар сәл төмендейді. Яғни, 2026 жылы 12,8 трлн рубль, ал 2027 жылы 13,1 трлн рубль болады деп жоспарланған.

Бұған дейін Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов жаңа бюджетте күштік құрылымдардың жабық баптар бойынша шығындарының артқанын айтқан. Reuters агенттігі барлық шығындардың шамамен үштен бір бөлігі жарияланбайтынын мәлімдеді.

Барлық үш жыл бойы мемлекеттік бюджет тапшылықты көрсетеді (2025 жылы ЖІӨ-нің 0,5%-ы, 2026 жылы 0,9%, ал 2027 жылы 1,1%).

21 қарашада Мемлекеттік Дума 2025  және 2026-2027 жылдарға арналған федералдық бюджет туралы заңды қабылдады, ал 27 қарашада Федерация Кеңесі оны мақұлдады.

Пікірлер