Қазақстандық Әнел Сытдықова ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып Антарктиданы жүзіп өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әнел Сытдықова 750 метр қашықтықты 18 минут 58.95 секундта еңсерген. Бұл уақытта судың температурасы -1,4 градус болған.
«Антарктиданың суларын жүзіп өттік. Мен үшін бұл өте салқын болды. Судың салқындығы -1,4 градус болса, желдің жылдамдығы сағатына 35 шақырым еді. Айсбергтер мен пингвиндер арасында жүзудің әсері бөлек. Антарктида мұздай құшағын ашқан аз ғана адамның қатарында болу мен үшін ерекше оқиға болды», - дейді Әнел Сытдықова.
Әнелдің айтуынша, Антарктидада өткізілген 10 күн ішінде олар жүзу үшін қолайлы сәтті күткен. Сонымен қатар, кемеде тағы 150 жолаушы болғандықтан, олар кеменің тәртібін сақтау керек болған.
Әнел Сытдықова — Қазақстанның алғашқы «темір ханымы» триатлоннан, алғашқы айронмен және ультрамен. Бес жыл бұрын ол алғашқылардың бірі болып Ла-Манш бұғазын (38 километр) гидрокостюмсыз жүзу арқылы Қазақстан атынан алғашқы жетістігін көрсеткен.
2022 жылы жазда Әнел АҚШ-та Манхэттен аралының айналасында 20 көпірден өтіп, 48,5 километр қашықтықты бағындырды. Бұдан кейін ол Лос-Анджелесте әлемдегі ең ұзын марафондық қашықтықтардың бірі — Каталина бұғазын (шамамен 34 километр) тоқтаусыз жүзді.
Каталина, Ла-Манш және Манхэттен айналасындағы 20 көпір — ашық судағы жүзуден әлемдік «Үштік коронаға» (Triple Crown of Open Water) кіреді. Осылайша, Әнелге «Үштік корона ханшайымы» атағы беріліп, ол «Үштік корона» клубының мүшесі атанды. ТМД кеңістігінде бұндай жетістікке ешкім жеткен жоқ.
Әнел отбасымен бірге Англиядағы Лондонға жақын жерде тұрады.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ла-Манш бұғазын алғашқылардың бірі болып жүзген қазақ қызына таңданысын білдірген болатын.