Балуан Шолақтың рекордын жаңартқан жан бар ма?

5161
Adyrna.kz Telegram

35 жасында Балуан Шолақ Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (1 пұт – 16 келі), яғни 830 келі болатын кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырыпты. Алайда, бүгінде «Қазақ қосып айтпаса несін айтады? 80 келі кір тасты он рет көтеріп, оны көбейтіп, 830 келі көтердім деген шығар» немесе «830 келі көтерді дегенге кім сенеді?» дейтін күмәншіл, кінәмшіл қазақ та табылып жатыр. Грек әдебиетіндегі аңыздардағы қаһармандардың ерлігіне көзін жұмып, аузын ашатын біздің қазақ өз атасы «осылай істепті!» десе, ернін сылп еткізіп, мұртынан күлетіні бар. Шындығында, Балуан Шолақ 830 келі кір тасты көтергені туралы дерек те, дәлел де жетерлік. Ал, Балуан Шолақтың осы рекордын әлемде жаңартқан адам бар ма екен?..

Жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» еңбегінде палуанның тұлғасы айырықша суреттеледі. Онда: «Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді, аттың үстінде «шайтандай», зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, денесіне оқ өтпейді, қылыш кеспейді, ағаш үйдің қабырғасын басыман сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп етеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып, киінеді, қыздың қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе, «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық…» – деп келтіреді.

 Осыны оқып, Балуан Шолақпен таныса беріңіз

«Балуан» деген сөз – Шолақтың күшіне байланысты халықтың өзі қосқан ат. Ол өзінің «Сентябрь» деген өлеңінде:

 Бұл күнде отыз бесте менің жасым,

 Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.

 Кешегі сентябрьдің базарында,

 Көтердім елу бір пұт кірдің тасын

 Жиылып орыс-қазақ таң қалысты,

 Болды деп Қаһарманнан мынау басым.

 Залог сап жетпіс бес сом күрескенде,

 Сындырдым Карон балуан қабырғасын… — дейді.

Міне, 1899 жылы 35 жасар Балуан Шолақ орыс палуаны Каронмен (Иван Корень) күресіп, оның қабырғасын сындырады және 51 пұт, яғни 830 келі кір тасты көтеріп, жиналған жұртшылықтың аузын аштырып, таңдайын қақтырады. Дәлірек айтсақ, барлығы 830 келі болатын алты тасты біріктірген Балуан Шолақ алдымен тастарды жалпақ қайыспен матастырып, мойнына іледі де, тізерлеп отырып денесін жазып алады. Содан соң оң тізесін көтеріп, мойнындағы қайыстан екі қолымен ұстап, «аруақ!» деп тұрып кетеді де, аяғын алшаңдата басып жүре берген екен. Ал, күні-түні спортпен айналысып жүрген ауыр атлеттердің көтерген темірінің салмағы қанша екен?

Балуан Шолақтың көтерген кір тасы бүгінгі бір жеңіл көліктің салмағымен шамалас.

Атақты чемпион грек баласы Акакид Кахиашвилис 1996 жылы Атлантада 235 келі штанганы көтерген. Сол жылы украиндық Тимур Таймазов 236 келіні әупіріммен бағындырған. Александр Курлович (Беларусь) 260 келі көтеріпті. Иран азаматы Хуссейн Резазаде 263 келі штанганы бойынан асырып, 2004 жылы өз салмағы бойынша әлемдегі алапат күш иесі деп танылған. 1988 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енген Леонид Тараненко 266 келіні көтеріп, әлемдегі теңдесі жоқ ауыр атлет делінді. Ал, пауэрлифтинг бойынша, 1994 жылы американдық Шейн Хэммен 447,5 келіні әрең көтерсе, тағы бір американдық Кирк Карвоски 1995 жылы 455 келіні бағындырған екен. Бұларды салыстырмалы түрде беріп отырмыз. Қанша жерден осындай деректің түр-түрін түгендесең де, жауырыны жерге тимеген қазақ балуаны Шолақтың 830 келіні көтерген алапат күшіне жетпес. Қазіргі уақытта өмір сүрсе, ақпарат құралдары арқылы оның «пияры» жер жаһанды жаңғыртар еді.

Естеріңізге сала кетейік, оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған. Ал, азан шақырылып қойылған аты – Нұрмағанбет. Көкшетау өңірінде туып өскен. Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді. Балуан Шолақ та осы анасына тартып, теңдессіз алып күштің иесі болған. «Алып — анадан» деген осы. Тіпті, 14 жасында 20 жасар жігіттерді жығып, жер жастандырып жүрді. Сонымен бірге 14 жасынан бастап ат құлағында ойнаған спортшы болды. Шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындап, қазақтың далалық цирк өнерін көрсеткен.

Расында, қазақта осындай алып иелері көп болған. Ел аузында 830 келі тұратын кір тас түгіл одан да ауыр салмақты бұйым ғұрлы көрмейтін қазақтар туралы деректер көп айтылады. Мәселен, екі иығына екі адам мініп отыратындай Байғабыл деген алыптан біреулер сұрапты: «Неге басқа палуандар секілді күресіп, осы уақытқа дейін бағыңды сынамадың?» – деп. Сонда ол: «Менімен күресетін адам болған жоқ», – деп жауап беріпті. Бірде егістікті таптамасын деп Байғара өзінің астындағы тұлпарын арқалап өткен екен. Ал Қажымұқан Баянауылда Субек ұстаның құрметіне бір тоннадан кем емес ауыр тасты әкеліп қойған көрінеді. Сонымен қатар, жазушы Сәбит Мұқанов: «Қажымұқанның мықтылығын Омбы циркінде көрдім. Теміржол рельсін түрегеп тұрған қалпында иығына теңдей артып, екі басына он-оннан жиырма кісі мінгізгенде, рельстің екі жағы майысып, иілген бастары жерге тиді. Жуандығы білектей жұмыр темірді беліне орап, қайта жазды. Шалқасынан жатып, төсіне жалпақ қалың тақтайды көпір ғып төседі де, екі қолымен екі тізесін көпір қып, «көпір» арқылы пар атқа жегілген әрқайсысында 100 пұттан екі-үш арба өткізді» дейді. Ал, Қажымұқанның замандасы, алып күш иесі Қайдар Оспанов вагонның 1600 келі болатын дөңгелегін көтерген екен. Бұлардың көтергені Балуан Шолақтың 830 келі болатын кір тасынан асып кетеді. Міне, осыған қарап, қазақтың рекордын тек қазақ қана жаңарта алатыны сөзсіз екеніне дауыңыз бар ма?

 

Балуан Шолақтың әндері

Атадан ұл тумайды мендей сабаз,

Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз.

Алты күн ақ түрмеде болдым қонақ,

Түсірді меруайдан маған қағаз.

 

Ақылым бір басымда емес арзан,

Тауаным шағылған жоқ бұл қағаздан.

Қағаздың мен түріне қарап тұрсам,

Жеті жыл кәтіргіге мені жазған.

 

Бойыма күш біткенге еттім шүкір,

Қажысам абақтыда бетке түкір,

Темірін екі жұлқып тартқанымда,

Кірпіші жерге түсті күтір-күтір.

 

Асты ғой бұл арада менің айлам,

Құрғаным бала жастан бәрі сайран.

“Япыра-ай, бұл не қылған зор тажал” деп,

Сол жерде орыс-қазақ болды қайран.

 

Ғалия

Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең.

Менің көңілім, Ғалия дауаласын,

Ауған түйе секілді бейімдесең.

 

Қайырмасы:

Ойпыр-ау, жан сәулем,

Ғалия-ау, бетіңнен,

Әппақ қардай етіңнен.

Бір күн ауру, бір күн сау,

Жазылдың ба дертіңнен.

 

Нұр-сипатың Ғалия – жамалыңыз,

Ешбір жанға тимесін залалыңыз.

Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,

Әлдеқандай болады заманымыз.

 

Айдың көзін жалт етіп бұлт алсын,

Бүйте берсең жүйкемді құрытарсың.

Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,

Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.


 Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ, «Үш қиян»

Пікірлер