ҰҚШҰ басшысы Ресей гипердыбыстық қару қолдануға "мәжбүр" болды дейді

1033
Adyrna.kz Telegram
Сурет: 7kun.kz
Сурет: 7kun.kz

Астанада 28 қарашада  Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті өтті. Жабық есік жағдайында өткен жиында халықаралық және аймақтағы қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеп.

Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Саммит қарсаңында Иманғали Тасмағамбетов "Орешник" гипердыбыстық зымыранын қолдану мәселесі мен ҰҚШҰ-ның заманауи қару-жарақтарды зерттеу жұмыстары туралы мәлімдеме жасады. Ол Ресейдің жаңа зымыран жүйесін сынақтан өткізуге мәжбүр болғанын атап өтіп, халықаралық жағдайдың ұйым жұмысына тікелей әсер ететінін жеткізді.

Сонымен қатар, ұйым саммитінде америкалық ATACMS зымыраны мен оның Ресей аумағындағы нысаналарға шабуылы талқыланбайтыны да белгілі болды. Бас хатшы Ресейдің ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрамағанын, мұндай өтініштің түспегенін растады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ны жай ғана әскери әріптестік емес, мүше елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған теңдессіз механизм деп атады. Ол Қазақстанның төрағалығы кезінде ұйымның жұмысы жүйелі түрде дамығанын, әскери жаттығулар мен консультациялардың үздіксіз ұйымдастырылғанын атап өтті.

Бұл саммит Арменияның қатысуынсыз өтті. Ереван ұйымнан шығу мүмкіндігін бірнеше рет көтергенімен, әзірге ресми түрде шешім қабылдамаған.

Жиын барысында ҰҚШҰ елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық жағдайдың даму болашағы және ұйым аясындағы жаңа мүмкіндіктер талқыланды. Қазақстанның 2024 жылғы ҰҚШҰ-дағы төрағалығының қорытындылары жарияланып, алдағы кезеңнің жоспары бекітілді.

Саммит соңында тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдап, өзара қолдау көрсетуге және ұйымның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесін нығайтуға келісті.

Пікірлер