Президент Тоқаев ҰҚШҰ сессиясын қорытындылады

939
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) шағын құрамдағы сессиясына қатысып, ұйымның қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Сессия отырысына Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ны Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың негізгі құрылымдарының бірі деп атап өтті.

"ҰҚШҰ мүше елдер үшін қауіпсіздік кепілі екенін дәлелдеп отыр. Ұйым мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында күш-жігерімізді біріктіретін бірегей механизм", – деді Тоқаев.

Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде ұйымның мүмкіндіктерін жетілдіруге, терроризм, кибершабуыл, трансұлттық қылмыс және есірткі айналымына қарсы іс-қимылдар тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылғаны айтылды. Сонымен қатар, Ұйымның әскери оқу-жаттығулары, министрліктер мен кеңестер деңгейінде консультациялар жоспарлы түрде жүргізілді.

Сессияда халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланып, ҰҚШҰ-ның алдағы жоспарлары нақтыланды. Қазақстанның төрағалығы кезінде қабылданған басымдықтардың барлығы жүзеге асырылып, қойылған міндеттер орындалғаны атап өтілді.

Президент ұйым мүшелеріне қолдау мен бірлескен жұмыс үшін алғысын білдіріп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындыққа ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.

Жиын қорытындысында 2024 жылғы төрағалық жоспарлары айқындалып, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесі ұсынылды.

Пікірлер